Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыруымен Абай саябағында бос жұмыс орындарына жәрмеңке өтті. 200-ден аса жұмыс ұсынушылармен 1800-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Үміткерлерге түрлі сала бойынша жұмыс ұсынылды: қызмет көрсету, құрылыс, әкімшілік, білім және денсаулық сақтау. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы және педагог мамандарға арналған. Солтүстік Қазақстан облысы 3857 бос орынды оңтүстік тұрғындарына ұсынып отыр. Сондай-ақ, өңір аралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде Солтүстіктен келген 120 делегация қатысып жұмыс іздеушілерге өз ұсыныстарын білдірді.
Жәрмеңке, Елбасының «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» негізге ала отырып ұйымдастырылған. Аталмыш бағдарлама шеңберінде өткен шараға 4 мыңнан астам жұмыс іздеуші азаматтар шақыртылған.
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ертіс ауданының әкімі жұмыс іздеп келушілердің барынша жағдайын жасаудамыз дейді. Соның арқасында өткен жылы 360 отбасы Солтүстік өңіріне қоныс аударуға ниет білдіріпті. Әрине бұл қуантарлық жағдай.
Қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде 3997 азамат, оның ішінде 2086 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 200 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тұрақтаған. Ал, ақылы қоғамдық жұмыстарға 700-ден астам азамттарды жолдау жоспарға қойылыпты. Шараға сарапшы маман ретінде қатысқан «Атамекен» ҰКП-ның қызметкері Айдана Тоғызбаеваның айтуынша халықты жұмыспен қамту шарасы өз деңгейінде жүргізіліп жатыр.
Бүгінде бағдарлама аясында 1100 түлек жастар практикасына қатысса, 2000-ға тарта жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға ниет білдірген.
Сонымен қатар, Шымкентте өткен жәрмеңкеде 307 адам жұмысқа жолдама алды.