Мәжіліс спикері су тасқыны зардаптарын жоюға кететін мемлекет қаржысы әлеуметтік зерттеулерге қарағанда әлдеқайда аз екенін айтты.
ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы сараптамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізуге Үкіметтен қосымша 800 млн теңге бөлуді сұрады, деп хабарлайды BNews.kz.
Бұл мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында талқыланды. Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке» өзгертулер енгізу бойынша заң жобасы талқыланды.
Отырыста Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен неліктен әлеуметтік зерттеулерге көп қаржы бөлінетіні туралы сұрады.
«Сіздер сараптамалық және әлеуметтік зерттеулерге қосымша 800 млн теңге бөлуді сұрап отырсыздар. Ол биыл бөлінген 460 млн теңгеге қосымша ретінде. Айтыңызшы, бір жылда әлеуметтік зерттеулерге 1 млрд 300 млн теңге бөлудің қаншалықты зәрулігі бар? Әлде сіздерде үш ауысымды және апатты мектептер жоқ па? Әлде сіздер, мұғалімдерге қосымша төлем төлеу мәселесін толығымен шешіп біттіңіздер ме?», — деді депутат министрге.
«Үш ауысымды және апатты мектептер бізде бар. Оларға қаржы бөлініп жатыр, мұғалімдердің төлемдеріне қатысты қажеттіліктер де бар, ол үшін де тиісті ақша белгіленген. Қосымша зерттеулер мемлекеттік бағыттағы маңызды үш бағыт бойынша қажет. Бірінші – ол латын қарпіне көшу. Бұл ғылыми негізде жүргізілуі тиіс үлкен бағдарлама. Екінші өздеріңіз білесіздер, бізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар, оған да біраз қаржы қажет. Сараптамалық зерттеулер нәтижесінде жұмысымыздың қаншалықты сапалы екенін түсініп отыру маңызды. Үшіншіден біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім және ғылым комитеті мүшесі атандық», — деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша зерттеулер толыққанды болу үшін жұмыстар атқарылуда.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 2018 жылы әлеуметтік зерттеулерге 17 мемлекеттік органдар тарапынан 7,2 млрд теңге қарастырылғанын айтты.
«Апатты мектептерден бастаған екенсіздер, мен де мысал келтіре кетейін. Республикада 45 апатты мектеп пен 127 үш ауысымды мектеп жұмыс істеуде. Екіншіден біз расымен әлеуметтік зерттеулер және консалтингтік қызметтерге қатысты мәселелерге назар аударуымыз керек. 2018 жылғы бюджетте әлеуметтік зерттеулерге 17 мемлекеттік органмен 7.2 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі нақтыланған бюджетте әлеуметтік зерттеулерге қосымша 3,3 млрд теңге бөлініп отыр. Біз мұндай зерттеулердің жасалуына қарсы емеспіз, әрине керек те шығар», — деді Нұрлан Нығматулин.
«Міне мысал ретінде келтірейін, осы бюджетте мүгедектерге күтім көрсететін жандарға арналған жәрдемақыға 2,7 млрд қарастырылған. Су тасқыны зардаптарын жоюы тиіс Ішкі істер министрлігіне 1,6 млрд теңге қарастырылған. Сонда әлеуметтік зерттеулер саласында төтенше жағдайлар туындап отыр ма?», — деді Палата спикері.