Назарбаев басқару деңгейлерін қысқарту арқылы «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды | "Айғақ" ақпараттық порталы
a08fa1f357bbe11ee30506fdc54176eb

Назарбаев басқару деңгейлерін қысқарту арқылы «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясы және Трансформациялау бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.

Хабарда атап өтілгендей, Н. Назарбаев жиынға қатысушылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.

«Қорды басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталайық. Қор компанияларын басқарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әрекет етіп келеді. Бұл шешімдер қабылдауды күрделендіреді, саны көп әкімшілік-басқарушылық персоналды ұстау үшін елеулі қаржы ресурстарын талап етеді. Басқару деңгейлерін қысқарту қажет», — деп келтірілген бейсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда президенттің сөздері.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларын цифрландыру үдерісіне арнайы тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бұл бағдарламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті, делінген хабарда.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қордың ірі инвестициялық жобаларына қатысты жүйелі шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған Даму стратегиясын және Қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Үкімет Қор басшылығымен бірлесіп, осы бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет», — деді Н. Назарбаев.

Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы – премьер-министр Б.Сағынтаевтың, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Есімовтің, «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры Р.Эванстың есептері тыңдалды.

ҚазТАГ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!