Шымкентте бокстан ХXV-халықаралық турнир басталды. Спорт шебері Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған сайысты ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Биылғы турнир ересектер арасында өтуде. Ер ағамызды еске алып, оның ізін жалғауға қазақ боксшыларынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан спортшылары да қатысуда.
Өзінің спорттағы жолын 50-жылдары бастаған Әбдісалан Нұрмаханов 239 жекпе-жекке қатысып, оның 222-сін де өз қарсыластарын сұлатып түсірген. Ал, бүгінгі сайысқа үміткер былғары қолғап шеберлеріның қатары 40-қа жуық. Олар 5 түрлі салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Сайыстың ашылу салтанатында ОҚО Ұлттық спорт Федерациясының Президенті Нұрмахан Миятұлы алғашқы болып сөз сойлеп, өз естеліктерімен бөлісті. Жыл сайын өтетін дәстүрлі халықаралық турнирдің биылғы додасы сәуірдің 20-на аяқталмақ. Шаршы алаңның майталманы атанған Әбдісалан Нұрмахановтың көзін көрген барша жақындары да осы жерден табылды.
Кеңес Одағында спорт саласына еңбегі сіңген Әбдісалан Нұрмаханов Азия, Африка және басқа да көптеген елдерде чемпион атанған. Қажымұхан стадионында ашылған шарада батыр болмысын еске алған жұрт нар тұлғалы азаматты болашақ жас ұрпаққа үлгі етті. Сайыс соңында жеңіске жеткендер спортшылар Әбдісалан Нұрмаханов атындағы кубокқа және ОҚО бокстан балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің атынан марапаттауларға ие болмақ.
Аруна Пернебек.