ҚР Ішкі істер министрлігі сауда нысандарына жүргізілген тексерулердің алдын ала нәтижесін жариялады. 500-ге жуық нысанның тек 6-ауы ғана өрт қауіпсіздігіне толығымен сай болып шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министр Юрий Ильиннің айтуынша, жоспар бойынша барлығы 692 нысан тексеріледі. Осы уақытқа дейін 460 нысанда тексеру шаралары аяқталды. Сонда 6 сауда орталығы ғана өрт қауіпсіздігіне толығымен сай болып шықты.
«Әрине, бұл — өкінішті жағдай. Жаратушы бізді үлкен трагедиядан аман алып қалды деуге болады. Әйтпесе, ол сауда орталықтарында адам шығыны болатын еді. Меніңше, бұл мәселені қоғам болып шешу керек. Сол себепті біз барлық тексерулердің нәтижесін ресми сайтқа жариялап отырамыз. Халық көрсін деп, ол сауда орталықтарына барардың алдында ойлансын деп, барлық ақпаратты ашық түрде жариялаймыз», — деді Ю.Ильин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, тексерулер кезінде алдымен ескерту жасалады. Егер нақты уақыт ішінде талаптар орындалмаса, онда заң бұзған нысандарға қатысты барлық материалдар сотқа жолданады. Бүгінде республика бойынша соңғы тексерістің нәтижесі бойынша сотқа кеткен материалдар аз емес. Атап айтқанда, Астанада — «Керуен сити» ойын-сауық орталығы, Алматыда — «Март» сауда орталығы мен «Спутник» ойын-сауық орталығы, Ақмола облысында — «Бурабай» мен «Алатау» сауда орталықтары, Ақтөбе облысында — Батыс Қазақстан жәрмеңкесі мен «Аққу» сауда орталығы, Алматы облысында — «Aport Mall» сауда орталығы, Батыс Қазақстан облысында — Оралдағы «City Center», Қарағанды облысында — «City Mall» сауда орталығы, ЦУМ мен «Строймарт», Қостанай облысында — ЦУМ, Павлодар облысында — «Жібек жолы» сауда үйі мен «Сарыарқа» сауда орталығы, Солтүстік Қазақстан облысында — «Корона» сауда үйі, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында — Түркістанның «Қуаныш» сауда үйі. Аталған нысандарда өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптар орындалмады. Сол себепті төтенше жағдайдың қаупі жоғары болып тұр. Барлығына 7,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынып отыр.
«Ал 6 нысанда заң бұзушылықтар мүлдем анықталмаған. Олар — Шаxтинск қаласындағы екі базар, Жезқазғанда «Кислород» ойын-сауық орталығы, Алматы облысының Алакөл ауданында «Искорка» сауда үйі, Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы «Делюкс» сауда орталығы және Оңтүстік Қазақстандағы «Изуми» сауда орталығы».
Айта кетейік, Ресейдің Кемеров қаласында болған өрт оқиғасынан кейін Қазақстанда сауда ойын-сауық орталықтарына жоспардан тыс тексерістер басталды. Негізгі мақсат — өрт қауіпсіздігінің деңгейін анықтау. Аталған шараларға қоғам өкілдері, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері қатысуда. Тексеруге жататын нысандар мен осы уақытқа дейін атқарылған тексерулердің нәтижесі төтенше жағдайлар комитетінің сайтында жарияланған.