Былтыр Қазақстанда 600 адамды екі азаматтығы үшін жазалады, деп хабарлады ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров.
«Екі азаматтық мәселесі де маңызды проблемалардың бірі болып отыр. (…) ІІМ ақпарынша, 2017 жылы екі азаматтығы үшін шамамен 600 адам жазаланды. Біздің азаматтардың басқа елдің азаматтығын алу мәселесі бойынша шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен тұрақты байланыс керек», — деді Н.Әбдіров дүйсенбі күні ҚР-дағы көші-қон бақылауын қамтамасыз ету бойынша мәжілістегі үкімет сағатында.
Ол еске салғандай, ҚР Конституциясы бойынша Қазақстан азаматы оған қоса басқа елдің азаматы бола алмайды.
«Алайда біздің елдің азаматтығын жоймай тұрып, басқа елдің азаматтығын алатын азаматтар да бар. (…) Қазақстан азаматтығын алмастан бұрын шетел азаматтығынан шыққандығын растайтын құжаттарды ұсыну туралы талаптар бекіту мәселесін пысықтау керек, оның ішінде оны алудың жеңілдетілген тәртібінде де. Айта кетер болсақ, 2017 жылы жеңілдетілген тәртіпте біздің елдің азаматтығын 30 мыңнан астам адам алған», — деп түсіндірді мәжілісмен
ҚазТАГ.