«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Жырлаймын сені, Астана» атты жыр мүшайрасының қорытынды мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
Шараға Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Астана, Түркістан қалалары және Қытай Халық Республикасы, Моңғолия мемлекеттерінен 24 жас шайыр қатысып, бақ сынады. Сүбелі сөзден, жыр терген ақындар сайысының мақсаты- Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы мен ел тәуелсіздігін жырлап, жастарға патриотизмді насихаттау, жастар арасында ақындық өнерді дәріптеп, жас ақындарға қолдау көрсету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, халықтың мәдени-рухани аясын кеңейту болып табылады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов шараның маңыздылығына тоқтала келе, мүшәйраға қатысқан жас ақындарға сәттілік тілеп, келген барша қонақтарды Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесімен құттықтады.
«Жырлаймын сені, Астана» жас ақындар жыр мүшәйрасының қорытындысы бойынша бас жүлдені 24 ақынның арасынан суырылып шыққан Павлодар облысынан келген Еламан Толеутай жеңіп алды. Ал, бірінші орынды Қытай Халық Республикасынан келген жас ақын Кәдірбай Ғылымнұр, екінші орынды Түркістан қаласынан Өмірбеков Нұрдәулет, үшінші орынды Қытай Халық Республикасынан Рамазан Әлімбекұлы жеңіп алса, Түркістандық Ысқақ Мадина ынталандыру сыйлығына ие болды. Бас жүлде және жүлделі І, ІІ, ІІІ орынға ие болған жас ақындар диплом, мақтау қағаздарымен, бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.