Биыл Алматы қаласында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 24 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Бұл туралы қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков айтты
Басқарма басшысының айтуынша, қалада дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша азаматтық қоғам институттарының әлеуеті тиімді пайдаланылып жатыр.
«2017 жылы аталған тапсырыс аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, этносаралық келісім және толеранттылық идеяларын насихаттауға бағытталған 24 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды», — дейді Айдар Есенбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, діни экстремизм мен деструктивті ағымдар идеологияларымен күресу бойынша 1 800 оқушы арасында 40-қа жуық алдын алу және түсіндіру іс-шаралары өткізілген.
Сонымен қатар тұрғындар арасында діни экстремизм мен терроризм идеяларына төзбеушілікті қалыптастыруға, сондай-ақ, терроризм және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихаттық іс-шараларды өткізуге негізделген қысқа метражды әлеуметтік роликтер әзірленіпті.
Жалпы Алматы қаласында аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 32 мың адам қатысқан, 3 лекция, 59 кездесу, 14 семинар, 275 семинар-тренинг, 3 конференция, 30 дөңгелек үстел, 15 акция өткізілген.
Дереккөз: Baq.kz