Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық ерікті қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Мәселен, жоғарғы оқу орындарында «Студенттік жасақтар» жұмыс істейді. Олар студенттік қалашықтар мен жатақханалардың аумағындағы тыныштыққа жауап береді. Ұсақ құқықбұзушылықтардың алдын алады. Сондай-ақ студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Полицейлердің айтуынша, еріктілердің көмегімен бүгінге дейін мың жарымға жуық қылмыстың беті ашылған. Нәтижесінде 12 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылған. Биылдың өзіне полицияға жұмысына көмек көрсеткені үшін 700-ден астам адамға ақшалай сыйлық табысталған. Мақсат Байболов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: – Ауылдық жерлерде «Сақшы» жасақтары жұмыс істейді. Олар көбінесе мал ұрлығының алдын алуға бағытталған. Полицияның халықпен сапалы іс-қимыл жасауы үшін ІІМ азаматтар алдында өзінің жұмысын барынша ашық етіп, олармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнатуда. Осы мақсатта еліміздің аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Дереккөз: 24.kz