2018 жылдың бірінші тоқсанында орындалу көрсеткіші 114,5%. Аталған уақыт аралығында мемлекеттік бюджетке түскен салық мөлшері 283,5 млрд теңгеге асыра орындалды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Бірінші үш айдың қорытындысы өте жақсы. Орындалу мөлшері 114,5% немесе 2 трлн 244 млрд теңге түсті. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспар 283,5 млрд теңгеге асыра орындалды», — деді Мәди Такиев.
Сондай-ақ, Ұлттық қор түсімдеріне қатысты жоспар да орындалды. Қорға 458 млрд теңге түсім түсіп, жоспар 182,5 млрд теңгеге орындалды.
«2018 жылдың бірінші тоқсанымен 2017 жылдың дәл осы уақытын салыстыратын болсақ, бюджетті шоғырландырудың өсу көрсеткіші 104%-ды құрайды, бұл 82 миллиардқа артық», — деп атап өтті спикер.
Такиев 2017 жылы салық түсу көлемі 106,3% болғанын еске салды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы 8 трлн 812 млрд теңге түсім түскен, оның ішінде мемлекеттік бюджет 101%-ға орындалып, 6,8 трлн теңге түсім түсіп, оның 95 миллиарды асыра орындалған.
«Ұлттық қордың түсім көлемі — 127%, ол 2 трлн теңге, яғни 426 млрд теңгеге асыра орындалған. 2017 жылы салық түсімдері 2016 жылмен салыстырғанда 123%, яғни 1 трлн 658 млрд теңгеге асыра орындалды», — деді Мәди Такиев.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Мәди Такиев 2017 жылы еліміздегі салықтық тексерулер саны 45 пайызға төмендегенін айтты.
«Өткен жылы Мемлекет басшысы салықтық тексерулер санын 37,5 пайызға төмендетуді тапсырған болатын. Біз өткен жылдың қорытындысына аталған көрсеткішті 45 пайызға дейін немесе тексерулер санын 76794-тен 42018-ге дейін қысқарта алдық», — деді ол.
Дереккөз: BNews.kz