Даңқты спортшы Дәулет Тұрлыхановтан «Айғақ» арнасы эксклюзивті сұхбат алды.
Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы «Оңтүстік өңіріндегі спортшылар елеулі жетістіктерімен ерекше» деп пікір айтты. Айта кетейін, атқарушы және өкілетті билікте қызмет еткен ел мақтанышының Оңтүстік өңіріне келгендегі мақсаты — жас балуандарды іріктеу. Яғни, Сарыағаш ауданында Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды. Атақты балуан жас спортшыларға сәттілік тілеп, «Алтай ата» спорт кешенінің ашылуына да куә болды.
Елбасының группаласы Алтай Салимовтың есімін иеленген спорт кешенінің ашылу рәсіміне даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов келген сәтте спорт сүйетіндердің барлығы құшақ жайып қарсы алды. Екі рет ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, спорт министрлігінде қызмет еткен ел мақтанышын ауылдың қара домалақ балдарына дейін тағатсыздана күткені көрініп тұр.
Жеке кәсіпкер, облыс мәслихатының депутаты Салимов Алмас Алтайұлының демеушілігімен салынған спорт кешені Жібек жолы ауылындағы ағайындар үшін таптырмас нысан. Болашақта әлемдік деңгейдегі жарыстарда алтыннан үмітті қара домалақтар осы спорттық кешенде денесін шынықтырып, жаттығуына мүмкіндік беріп отыр. Халқымыз «кісі болар баланың кісесінен белгілі» демей ме. Дәл осы шараға қатысқан балақайлардың көзіне қарап «Көк туымызды көкке көтерушілер ғой» деп үміттендік. Нағыз мықты балуандар елді мекеннен шығады. Өйткені, топырақта аунап, қатарласымен тебісіп өскен бала намысшыл келеді емес пе? Спорт десе делебесі қозған жастарға жағдай жасалынып жатқаны қуантарлық.
Қонақ келсе – құт дейтін халқымыз салт-дәстүрден аттамаған. Міне соның көрінісін бүгінгі шарадан тағы бір байқадық. Даңқты спортшы Дәулет Тұрлыхановтың иығына шапан, астына ат мінгізіп ертеден келе жатқан құрметті көрсетті.
Сосын спорт кешенінің лентасы қиылып, жиылғандар ішкі құрылысымен танысты. Балуандар белдесетін боз кілем мен былғары қолғаппен боксқа шығатын шаршы алаң бар. КСРО-ға және ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Тұрлыханов ғимараттың ішіне кіріп, бұғанасы қатпаған жас спортшылардың өнерін көрді. Чемпион болуды арман еткен жасөспірімдер күрестен өз икемдерін көрсетіп бір-бірімен белдесті. Болар баланың бетін қақпай, белін буып жүрген Дәулет Тұрлыханов әрбіріне сәттілік тілей отырып естелікке суретке түсті. Тіпті осы күні еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін ел мақтанышын жібергісі келмей, суретке жарыса түсіп жатты.
Атақты спортшының келуіне орайластырып Сарыағаш ауданында Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген бар. Сәуір айы осындай республикалық турнирмен шымылдығын ашты. Бұл жарыс әдеттегідей бір күн емес, бес күнге бөлінген. Жыл сайын Қазақстанның әр қаласында өткізіліп келе жатқан республикалық сайыстың Сарыағашта жалғасуында үлкен мән бар. Себебі бұл аудан соңғы жылдары спорттан көзге түсіп, жас чемпиондардың жұлдызы жанып тұр.
Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ.