Қазақстанда отбасылары жоқ оралмандар квота алуға үміттене алады, деп хабарлады ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев.
«Сонымен қатар өңірлік квотаға тек қана көшіп келушілерді, оралмандарды және олардың отбасыларын ғана емес, жекелей көшіп келушілердің өздерін де енгізіп, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға бағытталған толықтырулар да енгізілуде. Бізде заңнамада қайшылық болды, біз квота оралмандардың отбасыларына беріледі деп жаздық. Бізге қазір, айталық жалғыз басты оралманның көшіп келгісі келетіні туралы өтінімдер жиі түсуде. Біз осы заңнамада осы қайшылықты алып тастаймыз, енді тек отбасыларға ғана емес, жалғыз басты оралмандарға да квота бөлінетін болады», — деді Н.Әлтаев сәрсенбі күні еңбек министрлігінің брифингінде.
Сонымен қатар, вице-министр «оралман» терминінен бас тарту жөнінде шешім қабылдайтын арнайы комиссияның жұмысы туралы айтты.
«Иә, оралман термині бойынша депутаттар да, халық та өз пікірлерін айтуда. Қазір талдау жасалуда. Кей елдерде оралмандарды қандастарымыз деп атайды, кейбірі басқа терминдерді қолданады. Талдау нәтижесі бойынша шешім қабылдайтын боламыз. «Қандас» және басқа да терминдер қарастырылуда. Қазір жұмысты арнайы комиссия жүргізіп жатыр. Шешім қабылданған кезде біз хабарлаймыз. Тәуелсіздік жылдары 1 млн астам оралман Қазақстанға оралған. Егер мен қателеспесем ең көбі Өзбекстаннан келген. 2017 жыл, егер қателеспесем, 18 мың 605 оралман отанына оралды», — деп түсіндірді Н. Әлтаев.