Елбасының тапсырмасымен 28 наурыз күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Бақытжан Сағынтаевтың негізгі мақсаты — Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері Жолдаулары мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысу.
Үкімет басшысы Сарыағаш ауданының аграрлық кәсіпорындары: «КелесПласт» ЖШС полиэтиленді жабындар шығаратын цехы мен «Жабай ата» ЖШС жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысты. Өңірдің фермерлерімен кездесу өткізді. Онда АӨК жаңғырту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ол Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Жібек жолы» халықаралық бақылау–өткізу бекетінде болды.
Шымкент қаласының «Shymkent City» шағын ауданының салынып жатқан нысандарында болып, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылу қарқынымен танысты.
«Оңтүстік» индустриалды аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» оңтүстік өңірдегі болат блюм шығаратын алғашқы қазақстандық кәсіпорында болды.
Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханасында өңірдің денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізгеннен кейін ОҚО мемлекеттік педагогикалық университетінің «Студенттер үйіне» барды.
Облыста орналасқан жоғарғы және арнайы орта оқу мен колледждердің басшылығымен және студенттерімен кездесу кезінде жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студенттердің жатақханадағы жағдайларын жақсартудың жаңа құралдары талқыланды.
Сондай-ақ, Б.Сағынтаев облыс активімен және бизнес орта өкілдерімен индустрияландыру, цифрландыру, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 бағыттары бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Айдар Дидар.