Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік-жекешілік әріптестік жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа есеп берді, деп хабарлайды bnews.kz.
Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, көлік және автожолдар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және басқа да салаларда жүзеге асуда. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен аймақ активі және кәсіпкерлерінің кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.
«Мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында Қызылорда облысы бойынша құны 29 млрд теңге 66 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 10 жоба бойынша МЖӘ келісім-шарты жасалды», — деп хабарлады облыс әкімі.
Айта кету керек, өңірде кәсіпкерлер салған 400-ге жуық балабақша бар.
«Облыс бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 394 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. 2015 жылы біз 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтамасыз етіп, елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырдық. Қазіргі кезде аймақтағы балабақшалардың 71% мемлекеттік-жекешілік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Соңғы 5 жылда олардың саны 2 есеге өсті. Осылайша, біз бюджетті босатып, қаражатты басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағыттап келеміз», — деді Қырымбек Көшербаев.
Өз кезегінде, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыруды бастағанын және аймақтың тәжірибесі өте табысты болғанын атап өтті.