Бұл туралы «Ақпарат, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және мемлекеттік қызметтерді көрсету салаларын дамыту» мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес отырысында талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл бойынша уәкілетті бөлімшенің Үлгілік ережесінің жобасын қабылдау мәселесі туралы БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі баяндама жасады.
Оның айтуынша, былтырғы жылдың соңында «Ақпарат және ақпараттық коммуникациялар мәселелері» бойынша қабылданған заңға, жалпы БАҚ саласын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылып отыр. Солардың бірі, мемлекеттік органдар БАҚ-пен өзара қарым-қатынас жасау жөніндегі арнайы уәкілетті және құрылымдық бөлімше құру мәселесі.
«Осыған дейін бұл туралы талаптар болған жоқ. Әр орган өзінің қажеттіліктеріне қарай ресми тұлға, баспасөз хатшысы болсын мақсат-міндеттерін белгілейтін. Енді осының барлығын бір жүйеге келтіру үшін министрлік аталған заңға сәйкес келетін үлгілік ереже жобасын әзірледі. Жалпы алғанда, үлгілік ереже мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимыл орнатуға талпыныс береді деп есептейміз», — деді Елдос Нәшірәлі.
Сонымен қатар, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуынша, құрылған уәкілетті тұлға немесе бөлімшеге журналистер кез келген уақытта хабарласып, ресми дерек көзі ретінде ақпарат ала алатынын айтты.
«Қазіргі кезде Үкімет отырысында, мәжілісте де журналистердің барлық сұрақтарына ашық түрде жауап береді. Енді, осыған қоса мемлекеттік орган төрағаларының ресми өкілдері болады. Олар қажет болған жағдайда журналистердің қойған сұрақтарына кез келген уақытта ресми дереккөз ретінде жауап беретін болады», — деп толықтырды вице-министр Алан Әжібаев.