Қаратау мен Алатаудың арасын ен жайлаған оңтүстік расында айтыстың алтын шаңырағы. Шымкентте Республика көлемінде ұйымдастырылған «Наурыз» ақындар айтысы болып өтті. Айтыс өнері арқылы Наурыз мерекесін дәріптеу, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін жырға қосу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскер ақындар жиналып, көрерменнің ықыласына ие болды. Биылғы аламан айтыс ерекше форматта өтті. Яғни, әділдікті таразылайтын әділ-қазылар алқасының болмауы.
Алдын ала жұпталған 12 ақынның арасынан алғаш болып сахнаға Бекарыс Шойбеков пен Сырым Әуесхандар шықты. Аға мен інінің сыйластық пейілін көрсете білген ақындар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Айтыстың екінші жұбы Әсет Бейсебаев пен Анар Жаппарқұлова айтыс қағидасына сәйкес өзара қалжыңдаса отырып, жыр сүлейлерінің өнегелі өмірін жырға қосты.
Үшінші болып айтыс сахнасына сарыағаштық Жарқынбек Наушабеков пен Мұрат Имановтар шықты. Елдің мұң мұқтажын жырлардың өзегі етіп, қоғамның айнасына айналған дүлділдер аламан айтыстың көркін қыздырды.
Көпшіліктің зор ықыласына ие болған ерекше айтысты Сара Тоқтамысова мен Талғат Мықи жасай білді. Көрерменнің көзайымына айналған қос ақын да бәйгеде бір-бірінен қалыспай қатар шапты.
Бүгінгі кеште ең тартысты өткен айтыс Айнұр Тұрсынбаева мен Қажымұқан Абзаловтың айтысы болды.
Қажымұқан ақын өзінің зіл әзілдерімен Айнұр әпкесінің көңілін де қалдырған тұстары болды. Көрермендердің айтуы бойынша екі ақынның айтыс соңында қол алыспай кетуі бүгінгі айтыстың қателігі болды деп есептейді.
Жансая Елемесова.