Құшағына қаланың барша қауымын сыйдырған Жайлаукөлде бүгін ұлан асыр той. Наурыз көктем! Наурыз – думан. Даланы дүбірлетіп ән мен күйге бөлеген жарқын көңілдің лебі еседі мұнда. Бәйдібек би ескерткішінен бастау алған мерекелік шара саябақты саялай өтіп, Жайлаукөлмен жапсарлас жатқан Зообақ бар, Дендропаркті айнала сауық құрған халықты көресіз. Күн райының қарасып тұрғандығы жүректегі жылулықпен ұштасып жатты. Қауым елдің ауызбіршілігі мен ырыс-ынтымағының келісті келбеті бұл. Қариялардың төрден орын алып, жастардың жымия тілдесуі Ұлыстың ұлы күнінің ажарын аша түсті. Ұлттық дәстүр де ұлықталды. Қарбаласқан қалың тіршілік ортасында әкімдік қойған концерттік бағдарлама айтулы шараның шырайын кіргізді.
Таңертеңнен игі істің бастамашысы болған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ел ағаларымен бірге арбат есебінде қайта жаңартылған Шымкенттегі Бекет батыр көшесінде шырша отырғызып, қаламызды жасылдандыруға тағы бір қадам жасады. Содан кейін ғана, қауым жұрттың ортасынан табылды.
«Ат ер қанаты» демекші Әз-Наурыз Шымкент қаласындағы атшабар алаңындағы ұлттық ойындарымыздан бастау алды. Бағзы заманнан қазақтың қанына сіңген ойындарымыз бәйге, қыз қу, бүркіттердің жарысы сынды сайыстар игі шараның көркін қыздырды. Жүйрік тазысын баптап сәйгүлігін сайлап келген қазақ жігіттеріне қызыққан Облыс әкімі жансейіт Түймебаев ат спортын одан әрі дамыту керектігін атап өтті.
Қаламыздағы атшабар алаңында ұйымдастырылған жарыстың өзіндік ерекшелігі де бар. Мәселен өткен ғасырлардағы түркі тектес тайпа – ұлыстарда соның ішінде қазақтарда кең тараған спорттық «Шеген» ойыны алғаш рет өз жалауын көтерді. Аса шеберлікті қажет ететін бұл сайыс түрі қазақ халқының ұлттық ойыны саналған. Өкінішке орай бұл ойын түрі бүгінде ұмыт қалыпты. Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтап, мәдени астана аталған Шымшаһарымызда бұл сайыс түрі алғаш рет ойнатылып, көпке көзайым болды. Әрине бұл қуантарлық жайт.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыстың соңы жеңімпаздарды марапаттаумен жалғасты. Әр сайыстан жүзден жүйрік шығып тұғырдың төрінен көрінген жеңімпаздардың жүлде қорыда қомақты болды. Жігіттің ептілігі мен тұлпардың жүйріктігі сыналатын бәйгеде бас жүлдені Жеңіс Тоғзақбаев темір тұлпар мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Ежелден жаңартудың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күнінде кешірім сұрау ләзім. Ренжіскен жандардың қайта татуласып, сәлемін түзеуі мерекенің жазылмаған заңдылығы. Міне, ата-баба аманаттаған асыл мұралармен астасып жатқан айбынды күннің қасиеті бұл. Санамызға нұр боп сіңген құндылықтарды насихаттауды Елбасы «Рухани жаңғыру» арқылы халыққа міндеттеді.
Дәстүр бойынша марапат иелері сахна төрінен көрінді. Жай ғана құттықтау емес, «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматтары» салтанатты түрде бүгін құрметті атақтың иесі болды. 2018 жылдың 10 қаңтарында бекітілген Облыс мәслихатының шешіміне сәйкес 30 шақты азаматтың аты аталды. Әр салада өзіндік қолтаңбасы бар ел ағаларының өмір жолы ұрпаққа өнеге.