33

Астанада Наурыз қарсаңында жекпе-жектен халықаралық жарыс өтіп жатыр

Бүгін, 22 наурыз күні, Астанада «Қазақ елі» монументінің алдында сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамына орай халықтық серуендер өтуде. Кеше, 21 наурыз күні де осы алаңда мереке аясында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Baq.kz.

34

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленіп отыр. Көрермендер алдында Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы, қуыршақ театры мен балалар ұжымдары, танымал сахна жұлдыздары Әсем Омарова, Айсұлу Жак, Жаңабай Өтегенов, Ерасыл Бозаев, Нұрғали Тұрлыбеков, Марал Ками, «Диарт» тобы, Тұрар Төлеутай, Ғани Жұмашева және басқа да әртістер өнерін паш етпек.

Оның үстіне сахна төрінде Наурыз тақырыбына арналған театрландырылған қойылым көрсетіледі. Мейрамға орай алаңда бірқатар киіз үй тігіліп, алтыбақандар, ұлттық спорт түрлері мен ойындардан жарыс өткізу үшін арнайы ареналар орнатылған. Сауда орындары да қарастырылған.

37

Мерекелік бағдарлама аясында «Қазақ елі» монументінің аумағында «Дала семсері» атты халықаралық тарихи ортағасырлық жекпе-жек спортынан жарыс өтуде. Бұл іс-шара Астанада осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Сайыс HMBIA халықаралық тарихи ортағасырлық жекпе-жек қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған. Сайысқа Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен 80-нен астам спортшы, оның ішінде әйел адамдар да қатысуда. Астанадан 15 спортшы қатысып отыр.

39

Кеше, 21 наурызда жарыстың бірінші күні болып, сайыскерлер «қалқан-семсер» номинациясы бойынша жекпе-жек өткізді. Әйелдер жекпе-жегі жарыстың ресми бағдарламасына алғаш рет еніп отыр, нәзік жанды спортшылар дәл осы «қалқан-семсер» номинациясында күш сынасты.

Бірінші күн қорытындысы бойынша «қалқан-семсер» номинациясында әйелдер арасында 1-орынды Новосібір қаласы «Стальной кулак» клубының өкілі Анна Ридель, 2-орынды Замира Әлімбаева, 3-орынды Зарина Бегмалиева иеленді. Соңғы екі спортшы Астана қаласы «Темір Түмен» клубының өкілдері болып табылады.

Ерлер арасында «қалқан-семсер» номинациясы бойынша Назар Коллекционов (1-орын, «Стальной кулак» клубы, Новосібір), Александр Андреев (2-орын, «Авалон» клубы, Новосібір) және Юрий Чугуевский (3-орын, «Темір Түмен» клубы, Астана) жеңімпаз атанды.

Бүгін, 22 наурыз күні, сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жарыстың екінші күні өтеді. Спортшылар «семсер-баклер», «біржарымдық семсер», «алебарда» номинацияларында және өте әсерлі командалық сайыста күш сынасады.

«Бұл турнир Бүкіләлемдік бугурт лигасының іс-шаралары қатарына енген болатын. Сондықтан сайыс барысында командалар жинаған барлық ұпай олардың аталған лига аясындағы рейтингісінде көрініс табады», — деп «Темір Түмен» қазақстандық тарихи реконструкция клубының жетекшісі Евгений Сухотин жарыстың биік дәрежесін атап өтті.

Сайыс 600 адам отырып көре алатын арнайы жабық павильонда өтуде. Халықтың келіп-кетуін санағанда жарыстың алғашқы күні жекпе-жектер барысын 1000-нан аса көрермен тамашалаған. Барлық қала халқы мен қонақтарын бүгін, 22 наурыз күні, «Қазақ елі» монументі қасындағы алаңда өтіп жатқан мерекелік бағдарлама мен тарихи жекпе-жектер сайысын көруге шақырамыз.

Дереккөз: Baq.kz.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!