sequence-02-still001

Тоғыз жолдың торабындағы Төрткүл

Ерте ғасырдағы Ұлы Жібек жолы, ал бүгінде Батыс Қытай — Батыс Еуропа деп аталатын жол бойында тарихи оқиғалармен байланысты ауыл-аймақтар бар. Солардың бірі Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл елді мекені. Дәмі тіл үйіретін қауын брендіне айналған Төрткүлге жол түсіп барғанымызда қызықты деректерді естіп, таңданып қайттық.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл Төрткүл ауылдық округінде 15 мыңға жуық халық тұрады. Дәл осы өлкенің тауы мен тасын зерттеп, тарихи-мәдени орындарды жан-тәнімен қорғап жүрген азаматтың бірі – Мәдіхан Омарұлы. Төрткүлдің тумасы туған жердің әр ой-шұқырын, ағашы, құмы, тасын жатқа білетін адам. Өзге елдің жұпар аңқыған гүлінен, кіндік кескен мекенінің бір түп жусан иісін мың есе артық көретін патриотпен жолымыз түйісіп, Төрткүлге сапар шектік. Сауда керуендері мен дипломатиялық елшіліктер өткен елді мекен тарихқа толы дала жолы. Сөздің реті келгенде айтып өтейік, бұл бағыттың «Ұлы жібек жолы» деп аталғанының басты себебі Қытайдан Батысқа жібек тасымалданған. Ал сол жібек Батыс елі үшін қымбат тауар болыпты.

dji_0004-mov-still001

Бұл елді мекенде 1991 жылы Қазақстан бойынша үшінші салынған мешіт бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген Алланың ақ үйіне «Жолдас молда» есімі берілген. Себебі ХХ ғасырда Жолдас атты азамат ислам дінін насихаттап, осы аймаққа таратқан. Ел аузында бұл молда туралы бір әңгіме бар. 1960 жылдары Төрткүл Түркістан қаласына қараған. Сол кезеңде киелі шаһарға Арабиядан делегация келіп, міне сол арабтарға Жолдас молда аудармашы болған деседі.

Ықылым заманнан бері Төрткүл деп аталып жүрген елді мекен 2005 жылы атауын өзгертті. Ордабасы ауданы әкімінің шешімімен «Төрткөл» болып. Бірақ тарих ақиқатты сүйеді. Оны ой-қиялмен өзгертіп, қиянат еткенді кешірмес.

«Мен Ұлы далада өсіп, ес білгенмін. Кіндігімді Төркүлде кестіргенмін. Атанған дүниенің төртбұрышы, тоғыз жолдың торабы Төрткүлденмін» — деп жүрген осы аймақтың көзі қарақты, көкірегі ояу тұрғындары бағзы замандағы атауды бүгінде кері қайтарды. Әсіресе, Мәдіхан Омарұлы бірнеше рет баспа беттеріне зерттеулердің нәтижесінде мақала жариялап, Төрткөл емес Төрткүл деп жазып жүр. Туған жері үшін басын бәйгеге тігіп сан рет арызданған азаматтың мақсаты ақырындап жүзеге асуда.

00245-mts-still003

Тоғыз жолдың торабына жайғасқан Төрткүл ауылдық округі 10 елді мекеннен тұрады. 7 жалпы орта мектеп, 3 бастауыш сынып бар. Соның ішіндегі Көкарал білім ошағында музей ашылып, аймақтың тарихы жинақталған. Яғни, Төрткүлден шыққан тұлғалар мен өткен кезеңмен байланысты мәлімет іздесеңіз Омар ата есімімен аталатын мұражайдан табасыз.

Төрткүл өңірінде үлкендігі кішігірім жотадай «Шынжыр әулие» деген бейіт бар. Ауылдық округтің тұрғындары үшін ол маң құдыретті. Біз бен сіз білмейтін сыры бар бейіт басына бару үшін көлігіңізді жол жиегіне қойып, 2 шақырымдай кедір-бұдыр жолмен жаяу жетесіз. Құпиясы бар киелі жерге жергілікті мекеннің ақсақалдарын ерте барып, балалық шақтан есте қалған естеліктерді сұрадық.

sequence-02-still003

Жазық далада жалғыз тұрған бұл бейітте, ертеде ақ мәрмәр тасқа араб әріптерімен жазылған жазуы бар құлпытас болған. Бірақ нақты кімнің жерленгені, оның қадыр-қасиеті белгісіз. Бар білгеніміз өз заманында халық жоқшысы, қысылғанда ақыл берер ақылшы, татулықтың дәнекері болған абзал бабаның сүйегі жерленген жер. Бейітке адам баласы жақындаса шынжырдың үні естіліп тұратын болған. Мәселен, осы ауылдық округте Қалдыбай есімді тұрғын өмір сүреді. Жерлестеріне Сарыбай молда деген лақап атпен танылған азамат сол шынжырдың даусын естіп, содан кейін ойын баласы бұл маңға бас сұқпайтын болыпты. Өкініштісі шынжыр әулиенің бейіті жермен жексен етіліп тегістеліп, құлпытас із түзсіз жоғалған. Қазір зерттеуді қажет етіп тұрған тарихи орынның бірі бұл.

«Туған жердің әр тасы, біздің алтын тағымыз» деген дана сөз бекер айтылмаған. Төрткүл өңірінің топырағы, суы, ауасы ойшыл бабаларымыздың рухымен нәрленіп, оны бойына сіңірген. Мұнда талайлардың киелі ізі қалған. Соның бір дәлелі деп Төрткүл төбесін айтуға болады. Ауылдың шетінде мен мұндалап көзге көрініп тұрған төбе расында төртбұрышты. Атауына сәйкес келіп тұрған бұл маңға археологиялық қазбалар жүргізілгенде ыдыс сынықтары мен дәнүккіш табылыпты. Тарихшылар 6-11 ғасырларда өмір сүрген қала осы төбенің астында қалғанын анықтап, бірақ зерттеулер аяқсыз қалыпты. Бұл маңға ата-жұрты атам заманнан бері тұрақтаған қазыналы қартты ерте барғанымызда біз білмейтін сырды естідік. Елеусіз жатқан Төрткүл төбеге ентігіп шыққан ақсақал бала кезде осында ойнап, әке-шешесінен сөз естіген. Қыш құмыраның сынықтары тарыдай шашылып жататын төбені киелі депті. Тіпті бір кездері ауылдық округтің бір тұрғыны осы маңдағы жерді ауыр соқамен қазып жатқанда қаза тауыпты. Яғни, киесі топырағын түрттіруге жол бермейтін төбе археологиялық зерттеуді қажет етіп тұр.

1111111

Ғалым Қаныш Сәтбаев «Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат, бөгде елдің алтын тасын да мақтап жарытпас» дейді. Осы бір дана сөзімен кіндік кескен мекеннің патриоты болуды меңзейді. Төрткүлдің тарихи атауын қайтару жолында тер төгіп жүрген қариялар төбе туралы жұмбақ сыр ашылып, бұл маң қорғауға алынсын деп аманат айтты. Ғалымдардың назарынан тыс қалып тұрған төбеде ата-бабаның мұрасы бар. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Төрткүл төбе туралы әзірге білгеніміз осы.

dji_0030-mov-still001

«Қазақстанның жер-су аттары» сөздігінде Төрткүлдің атауы туралы мынандай мәлімет жазулы. Топырақ үйінділерінен тұрғызылған көне және ерте орта ғасырлардағы бекініс орындары Төрткүл деп аталған екен. Жол бойындағы аталмыш ауылдық округте 1960 жылға дейін ескі бекеттің керуендер тұрағы «Рыспанбет сарайы» және керуендердің аялдамасының сұлбалары сақтаулы тұрған. Сол баға жетпес құндылықтар Арыс-Түркістан арнасы пайдалануға берілгеннен соң егіс алқабына айналып, тегістеліп кетті. Мұны тіпті жергілікті жұртта растап берді.

Бүгінде Төрткүлде 92 тыл және екі Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Соның бірі тоқсанның төртеуіне шыққан Махал Полатбеков. Қарияның жүріп өткен өмір жолы туралы сұрастырғанда, осы елді мекеннің ауыл шаруашылығына үлкен үлес қосыпты. Ашаршылықты бастан кешіп, соғыс көрген қарт, қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен төрт рет жүздесіп Төрткүлде болған сәтіне куә болған.

sequence-02-still009

Халқымыздың тау тұлғасы Қонаев осы ауылдық округке келгенде Махал атаның шаңырағынан дәм татып, пікірлескен. Жасы 94-ке келген ардагер сол тарихи оқиғаны есіне мәңгі сақтапты.

sequence-02-still008

«Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз». Ұлы Жібек жолының куәсі болған Төрткүл ауылдық округі туралы бар білген-түйгеніміз міне осындай. Ауылдың тарихи атауын қастерлеп, шыққан тұлғаларды ұрпаққа жеткізу – азаматтық борыш. Бұл Төрткүлден Фарабидің жолын жалғаған ғалымдар, батырлар мен өнер иелері шыққан. Соның бергісі Кеңес Одағының батыры Қарсыбай Сыпатаев осы аймақ үшін ерекше мақтаныш. Бұл бағдарлама арқылы біз сіздерге Ұлы даламыздың қадір-қасиетін біле жүрейік деп ой айттық. Өткенді ұмытпау – тарихты ұлықтау.

Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!