Төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды. Суқоймалардағы су деңгейі мен қар қалыңдығын қадағалап отыратын облыстың төтенше жағдайлар басқармасы біздің телеарнаның түсірілім тобымен тікұшақ арқылы Алатаудың арғы бетіндегі жағдайды бақылап қайтты. Ұшу уақыты небәрі 1,5 сағатқа созылды. 400 шақырымға жуық жолды әуеде еңсерген экипаж мүшелері қардың еру салдарынан келетін қауіптің жоқтығына анық көз жеткізді. Шымкент қаласының әуежайынан көкке көтерілген біздің тікұшақ Бадам өзенін бойлай отырып, алдымен Маятас, Текесу, Ащы атты кішігірім суқоймалардың жағдайын барлады. Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрболат Дербісов су деңгейінің жылдағыдан төмен екендігін айтып отыр. Дегенмен, Бадам өзенін жағалай қоныс тепкен тұрғын үйлерге жар жағасы жақындап қалған. Мұны да дер кезінде ескеру қажет. Арнайы комиссия отырысында бұл мәселеден мамандар айналып өтпек емес. Сағатына 200 шақырым қашықтықпен туралай ұшқан тікұшақ Төлебидің төріндегі көріністі 300 метр биіктіктен көруге мүмкіндік берді. Батыс Тянь-Шань тауының сілемдерінен саналатын Өгем тау шатқалы солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай 110 шақырымға созылып жатыр. Ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 4299 метрді құрайды. Алдымен ұлттық табиғи парктің Төлебимен шектесетін тұсынан Өгем өзенінің бағыт бағдарлай Қаржантауға қарай беттедік. Қар мөлшері қалыпты. Әдетте бұл мезгілде бөктердегі ауыл-аймақта жататын ақ мамықты тау беткейінен ғана байқайсың. Қолдағы карта арқылы координатты бақылап отырған төтеншеліктер су басу қаупінің жоқтығын айтып қуанды. Сырттағы ауа температурасы кей жерлерде 3 градус жылы болса, Өгем тау жотасының биік шыңында минус 3 градусты көрсетті.