Былтыр Түркістанның төрінде өткен мереке — әз-Наурыз, биыл киелі Қазығұртта тойланады. Нұх пайғамбардың кемесі қалған қасиетті де киелі мекенде отыз күн ойын, қырық күн тойын болмақшы. Яғни, иісі мұсылман қауымның айтулы мейрамы 21-наурызда, Атбұлақ ауылының аумағында аталып өтіледі. Ал, қазақтың төл мейрамын тойлауға бюджеттен 34 млн қаржы бөлінбек. Оның жұмсалу тәртібін мерекелік іс-шаралар жоспары жөнінде бюджеттік бағдарлама жетекшісі Асылхан Темірхан арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуларынша, бұл жоба «Ғасырлар сыры…Нұх Пайғамбардың кемесінің тоқтаған жері — тіршіліктің бастауы» ұғымымен астасады. Және қазіргі уақытта мәдени шаралардың жоспары да бекітіліп қойған. Бірақ, бұл жолғы тойдың ауқымы анағұрлым кең. Қазығұрт тауының баурайындағы мәдени бастамаға өзге емес, тек жергілікті яғни 1000-нан астам өнерпаздар мен мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер жұмылдырылады. Сондай-ақ, аңыз-қойылымдар үшін театр әртістерімен қатар, 300-ге жуық жылқы, 20 түйе қарастырылып отыр. 8 арба тартылады. Дәл осы көрініс-бейне тойдың көпшілікке ұсынатын негізгі кәде-тартуы болмақ.Наурыз – жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын, әрі өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын, Табиғат-ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Осы орайда биыл Оңтүстік тұрғындары Наурызды ерекше тойламақ. Яғни, Шымкентте өтетін Әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралардың бағдарламасы жарияланды. 19-21 наурыз аралығында облыстағы барлық қала, аудандарда «Жыл арқауы — жыл басы Наурыз», «Қош келдің, әз – Наурыз!», «100 кітап» сынды сурет көрмелері мен жас ақындар айтыстары өтеді.
Сондай-ақ Наурыз мерекесі аясында алғашқы рет «Ашық аспан» әуе шарларының Халықаралық фестивалі өтеді. Шара барысында Қазақстан, Украина, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан елдерінің әуе шарларын ұшыру жоспарлануда. Ал, қызғушы қала тұрғындарына 50-100 м биіктікте ақылы түрде ұшуға мүмкіндік туып отыр.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында Қошқар Ата өзенінің бастауында «Қошқар-Ата Сейілі» атты көктем фестивалі ұйымдастырылып, Наурыз мерекесіне орай Зообақтың маусымдық ашылуы болады. Мерекелік шара 22 наурыз күні Шымкент қалсындағы Наурыз алаңында «Наурыз көктем – Шымқала!» мерекелік іс-шарасымен жалғасады. Онда жұрт «Наурыз-думан» мерекелік шеруін тамашалайды. «Ташкент-Шымкент бағытында» велошеру өтіп, кіл мықтыны анықтайды. Сонымен, тойлануы 5 күнге ұласатын Ұлық мерекеде Шымкентте барлығы 30 мәдени шаралар ұйымдастырылса, ауыл-аудандарда 100-ден астам мерекелік жобалар жүзеге аспақ. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетіліп, шара соңы мерекелік отшашумен аяқталады.
Жансая Елемесова