Бүгінде үлкен орталыққа айналған Астана мемлекеттік қызмет хабының құрамында 39 қатысушы мемлекет бар. Бұл жөнінде мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу жүйесі тақырыбына арналған конференция барысында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Мемлекеттік қызметтің дамуы мен мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруда жалақы жүйесінің маңызы зор. Бұл мәселеде әр мемлекет ізденіс үстінде. Мысалы, Қазақстан Ұлт жоспары «100-нақты қадам» аясында мемлекеттік қызметтің жаңа жалақы жүйесін әзірлеп, биылдан бастап екі орталық және екі облыста сынақтан өткізуде. Жаңа жалақы жүйесі әділетті, ашық, мемлекеттік қызметшілерді ынталандырушы, қоғам мүддесіне сай болуы тиіс. Оның үстіне жаңа жалақы жүйесін әзірлеуді қаржыландыруда негізгі үлесті Хаб пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы көтергендіктен, біз де бұл жүйенің дұрыс дайындалуына мүдделіміз», — деді басқару комитетінің төрағасы.
Сонымен қатар, Бәйменов, осыған орай, жалақы жүйесі бүкіл мемлекеттік қызметке ендірілмес бұрын, сынақ мерзімінің аяғына дейін болашақ қатерлерді, туындауы мүмкін проблемалық сұрақтарды алдын ала жан-жақты талқылап, біліп алған жөн екеніне назар аударды.
«Өздеріңіз білетіндей, Грузия биылдан бастап жаңа жалақы жүйесін толық енгізді. Жаңа жүйенің іске аса бастағанына 4-5 ай болды. Біз үшін Грузия тәжірибесін қарастыру, атап айтқанда алғашқы қадамдары, кездескен қиындықтары, жеткен жетістіктерімен танысудың маңыздылығы жоғары. Ал Молдоваға келетін болсақ, онда қазіргі таңда унитарлық жалақы жүйесінің жаңа тұжырымдамасы дайындалған. Тұжырымдамада әділдік қағидатын дамыту, сондай-ақ жалақы жүйесінің күрделілігін төмендетіп, қарапайымдату, лауазымдық жалақы үлесін көтеру көзделген. Өздеріңіз көріп отырғандай, Хабқа қатысушы мемлекеттер саны 25-тен 39-ға дейін артты. Бұл Хабтың аймақтық деп аталғанымен, шын мәнінде жаһандық орталыққа айналғанының дәлелі. Халықаралық сарапшылар Хаб жұмысын айрықша бағалауда. Мысалы, АҚШ Мемлекеттік қызмет персоналын басқару органы, Федералды жоғары лауазымдағы қызметшілерді оқыту институтының басшылары, сонымен бірге Америка мемлекеттік басқару ассоциация конференциясына қатысқан көптеген ғалым мен сарапшы тарапынан Хаб жұмысына берілген жоғары баға бізге, бір жағынан, сенім ұялатса, екінші жағынан, жаңа міндеттерді қолға алуға ынталандырады», – деді Хаб өкілі.
Айта кету керек, семинар барысында Астана мемлекеттік қызмет хабының құрылғанына 5 жыл толуына орай ҚР Президенті әкімшілігінің басшасы Ә. Жақсыбековтің арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды.