ҚР энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Т1 млрд бюджет қаражатын жымқырған деген күдікпен ұсталды, деп хабарлады ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметінен.
«Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков «Аймақ» ЖШС мердігер ұйымының басшысымен қылмыстық келісімде Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджеттік қаражатты жымқырған. Қылмыс жасауға Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж.Нұрбеков және мердігерлердің өкілдері С.Жұмалинов және Б. Қадырберлин қатысқан. (…) Сәдібеков, Нұрбеков, Дуанбек, Жұмалинов пен Қадырберлин ұсталған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген жұмада таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай, Сәдібеков қол қойған жалған актілер бойынша Энергетика министрлігі 2017 жылы көлемі бірнеше есе арттырылған атқарылған жұмыстарға жалпы сомасы 3,6 млрд теңге төленген.
«Аталған қаражаттың 1 млрд теңгесі қолма-қол алынған және жымқырылған. Ол қаражат тінту барысында табылып, алынған. Бұдан бөлек, 2018 жылға көлді тазартуға бөлінген 1,5 млрд ақша қаражатының жымқырылуының жолы кесілді», — делінген хабарда.
Дереккөз: ҚазТАГ.
Фото: liter.kz