«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» тендерлер өткізу мерзімін қысқарту бойынша іс-шара қабылдап жатыр. Сонымен қатар қордың ішіндегі сатып алулар позициялары 10 есеге қысқарған. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында «Самұрық-Қазына» компаниясындағы жаңа электронды сатып алулар форматы туралы өткен брифингте компанияның операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Әлішер Пірметов айтты, деп хабарлайды Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
«Тендердің өткізілуінің алғашқы күнінен бастап келісімшарт жасалғанға дейін алатын уақыт 65 күнге созылады, бұл өте тиімсіз. Өйткені кез келген компанияның тауарға немесе қызметке сұранысы жоғары болады. Сондықтан тендерлер өткізу мерзімін екі есеге қысқартуға іс-шара қабылдап жатырмыз», — деді Ә. Пірметов.
Тағы бір шешімін тапқан мәселе, қордың ішінде сатып алулар жүргізіліп келген 4,5 мың позицияның саны қысқартылған. Яғни, осыған дейін холдинг ішіндегі компаниялар кез келген тауарды, өнімді немесе қызметті сол холдинг ішіндегі компаниялардан сатып алған. Енді компания ішіндегі позициялардың азайтылуына орай, шағын және орта бизнес өкілдері осы сатып алуларға белсене қатыса алады.
«4,5 мың позицияның әрқайсысын қарап шығып, егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізіп, оларды 10 есеге қысқарттық. Енді холдинг ішіндегі сатып алулар позициялары 424-ке дейін азайды. Осы арқылы шағын және орта бизнеске қосымша 300 млрд теңгеге тапсырыс беруге мүмкіндік алып отырмыз», — деп нақтылады компания басшылығы.
Бұл шара бәсекелестік ортаны кеңейтіп, көрсетілетін қызметтің, тауардың сапасын арттырады. Сонымен қатар сатып алулар үшін компанияға бөлінген қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, «Самұрық-Қазына» аталған 424 позиция бойынша маркетинг жүргізеді. Яғни осы позициялар бойынша сатып алуларды қандай компания жүргізсе де, «Самұрық-Қазына» сол тауарға, қызметке немесе жұмысқа нарықта қалыптасқан бағаны анықтап, содан асырмау үшін арнайы бақылау жұмыстарын ұйымдастырады.
«Алдын ала болжамға сәйкес, осының өзі компанияға бөлінген қаржыны 10 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Пірметов.
Сондай-ақ басқарушы директор сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету туралы айтып берді.
«Кез келген компанияға, әлеуетті тауар берушіге қандай рейтинг берілді және ол қай сәйкестік деңгейінде, мұның барлығын ашық жариялайтын боламыз. Оны кез келген компания электрондық жүйе арқылы көре алады», — деді ол.
«Самұрық Қазына» басшылығы қазір енгізіліп жатқан өзгерістермен шектеліп қалмай, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін айтты.