1 наурыз «Алғыс айту күніне» орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Түркістан тарихы» музейінде «Алғыспенен ел көгерер» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Елбасы өз сөзінде «Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін», – деп атап өткен болатын.
Шындығында да аталған мерекелік күн аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде өзге ұлт өкілдері жəне ардагерлермен өткен ерекше бағыттағы жүздесуде келе жатқан көктемді де арқа-жарқа пейілмен қарсы алып, шат-шадыман күйге бөленді.
«2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын атап өту барысында 1 наурыз күнін этностардың бір-біріне және оларға қамқорлық көрсетіп, қонақжайлылық танытқаны үшін ризашылығын білдіретін мереке ретінде оны «Алғыс айту» күні деп жариялау туралы ұсыныс айтқан болатын. 2016 жылдың 15 қаңтарында Елбасымыз «ҚР кәсіби және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып жарияланды. Бір-бірімізге деген ыстық ықылас, айрықша мейірімімізді танытатын айтулы күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Еліміздегі бір үйдің баласындай болған барлық ұлт өкілдерінің отбасына амандық, зор қуаныштар тілеймін», — деп шарада алғаш сөз алған қорық-музей директоры Нұрболат Қадырұлы шараға қатысқан қонақтарға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады.
Кездесу барысында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері түрлі ұлттан құралған Достық ән-би композицияларын орындап ұлттар арасындағы берік ынтымақты өнер арқылы дəріптесе, басқосудағы өзге де концерттік бағдарламалар жиын мазмұнын ашты.
«Қазақ халқы қиын-қыстау заманда Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностар басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, қазақ халқына алғысымыз шексіз… », — деп кездесуге қатысқан Өзбек мәдени орталығы директорының орынбасары Ә.Қошқаров өз алғысын білдірді.
Жиында сөз алған П.Досыбеков «Алғыс айту күні» – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күнімен барша қазақстандықтарды құттықтады.