Цифрлық технология ауыл шаруашылығы саласына да ене бастады.
Атырау облысындағы ең озық технологиямен жарақталған асыл тұқымды ешкі фермасы таяуда тағы бір инновациялық жаңалық енгізді. Мұндағы сауын малдары енді микрочип арқылы басқарылады.
Сауындағы 250 бас асыл тұқымды ешкілердің барлығына арнайы микрочип бектіліген. Чиптер малдың қайда жүргені өз алдына, оның денсаулығы, сүт беру қабілеті туралы толық ақпарат берді. Арнайы орталыққа жиналған мәліметтер тікелей сауын базасына түседі. Бұл ферма жұмысына оң ықпалын тигізеді дейді мамандар.
Тамила Розметова, асыл тұқымды шаруашылық жетекшісі:
— Әрбір сауын малының жеке номері бойынша біз сүттің сапасын, сауылатын көлемін, дене қызуын анықтай аламыз. Бастысы біз өндірген өнімнің тәуліктік, айлық көлемін кез-келген жерден бақылап отырамыз.
Фермада ешкі сүтінен 12 түрлі өнім өндіріледі. Қазірдің өзінде диеталық айран түрлерімен сарысуға сондай-ақ қаймақ пен ірімшікке деген сұраныс ішкі нарықта жоғары. Осы заманғы озық технологияға негізделген шаруашылық енді тұтынушыға тағы бір жаңа өнім ұсынбақ.
Төлеген Жасимов, ферманың атқарушы директоры:
— Алматы агро универсиетінің тамақ өндіру және дайындау кафедрасымен бірігіп, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі балаларға арналған иогурттар, ірімшіктер неше түрлі тек қана таза бала тамағына арналған өнімдер шығарамыз. Неге десеңіз ешкі сүтінің қасиеті: одан ешқандай аллергия болмайды.
Қазір аталған оқу орнымен келіссөздер басталған. Жоба осы жылдың аяғына қарай жүзеге аспақ. Жаңа тағам түріне қажетті қондырғылар дайын. Ешкі сүтінен өндірілетін емдік балалар тағамының «Атырауда дайындалған» деген жаңа брендпен нарыққа жол тартар күні де алыс емес.
Дереккөз: 24.kz