044

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Мөрлібек Мұратбаевты еске алу кеші


img-20180223-wa0031

Саналы ғұмырын халық игілігіне арнап, өзінің өнегелі ісімен ел жадында қалған аяулы азаматтар  аз емес. Соның бірі-Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері Мөрлібек Мұратбаев.  Қысқа ғана өмірінде мысты өңірдің әлеуетін көтеріп, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан  ел азаматының есімін ұлықтап, жыл сайын Жезқазған халқы еске алу кешін ұйымдастырады. Дәстүрлі үрдіс биыл да жалғасын тапты. Яғни, Мөрлібек Мұратбаевтың  өз қолтаңбасы бар «Ұлытау үні» фестивалінің аясында рухы биік, арманы асқақ  болған асыл жанның жарқын бейнесі қайта жаңғырды. Осынау бір сындарлы да сағынышты сәтке арнамыздың түсірілім тобы да куә болып қайтқан болатын.

044

Алақандай өмірінде алатаудай есімі қалған ардақты жан көзі тірі болса  66 жаста болар еді..Амал нешік, адам ғұмыры кез-келген сәтте жас жапырақтай үзіліп кете береді.Алайда,  Мөрлібек Мұрабаевтың несібесіне ұзақ өмір бұйырмағанмен, халқының қалтықсыз мәңгілік махаббаты бұйырған!  Қасиетті Қызылкөпірде кіндік қаны тамып, тағдыры Жезді еліне айдап барған асыл жанның еңбек жолы  Сарысудағы мектепте  мұғалім болып басталады. Заманына сай ұлтжанды азаматтар тәрбиелеген ол, мұнан соң мектеп директоры болды.Осыдан бастап қиядан төмен ұшпайтын ақиық қырандай Мұратбаев өз білімі мен қарымды қабілетінің арқасында қызмет бабында жоғарылай берді.Қызметін қалтықсыз атқарған ардақты жан үлгілі отбасының  да тірегі еді. Зайыбы Рабиға екеуі бес перзент тәрбиелеп өсірді. 4 қыз және ұлы Еркебұлан. ия, артыңда байлық қалғанша балаң қалсын деп бекер айпаса керек! Өмірі құйрықты жұлдыздай  ағып өткен Мөрлен аға ізбасарын ұяға қондыра алмаса да, қыздарын қияға қондырып үлгерді.

 

«Жылдар мен жолдар» атты Жезқазғандағы шара дәстүрлі  Ұлытау үні фестивалінің аясында өтті. Тап осы өнер мерекесінің өрістеуіне  мұрындық болған Мұратбаев. Небір өнер жампоздары мен жыршы-термешілердің тұсауын Жезқазғанның сахнасында кескенін көзі көргендер қазір ұмытпай айтып жүр: Көзден тасаланса да, көңілден кетпеген ардақты жан! Мөрлібек Мұратбаевты еске алу кешіне жиналғандардың айтары осы. Адалдықты арқау еткен азаматты қызметтік мансап та масайратпады. Ол пендешелікке бой ұрған жоқ ,керісінше адамгершілікті өзіне  ту етті. Көзі тірісінде көп нәрсеге үлгеріп, ұлағатты ұрпаққа игі дүниелер қалдыруға ұмтылды.

0555

Бүгінгі кешке Мөрлібек Мұратбаевтың жұбайы мен ұл-қыздары, алыс-жақындағы туыстары, қатар жүріп қызметтес болған әріптестері мен үзеңгілес жолдастары арнайы қатысты. Сахнада тұрып, сындарлы жылдардың   сағынышты сәттері мен қимастыққа толы кездері жүректен шыққан өлең жолдарымен өрілді.Қоғамның жұмысына  ерте араласқан Мөрлібек Мұратбаев комсомол, кәсіподақ ұйымдарына басшылық жасады. 1985 жылы Ұлытау аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1988-1992 жылға дейін сол тұстағы Жезқазған облыстық Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының директоры қызметтерін жемісті атқарды. Оның жайсаңдығын ,ел басқару ісін тілге тиек  етіп, Ұлытау, Жезқазған өңірінің халқы ғана емес, республиканың көптеген жерлері аңыз етіп айтып жүрді. Өңірдің мәдениет саласындағы қызметіне табандылықпен көп өзгерістер енгізе білген Мұратбаев  қызметте облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Бұрын бір ғана мәденеиет саласына басшылық жасап келген ол әлеуметтік күрделі мәселелерді кезең-кезеңімен шешуде де  іскерлік танытты.

077

Қамшының қысқа сабындай ғұмырында жақынын жанындай, жатты жақынындай сыйлай білген Мөрлен аға! Біріне асыл жар, аяулы әке, енді біріне адал дос, жақын бауыр   бола білген   сағынышты бүгінгі кеш елеске айналған ескі күндердің есігіндей қайта ашты. Келмеске кеткен уақытқа қайта саяхаттауға жетеледі. Мұнан соң Мұратбаевтар әулеті   ас беріп, марқұмының рухына құран бағыштады.Өмір жолын ауылда қарапайым мұғалімдіктен бастап, облыс басшыларының  лауазымына  дейін абыройлы қызмет атқарған ардақты жан. Барлық білімі мен тәжірибесін Жезқазған-Ұлытау өңірі халқының игілігне жұмсаған  Мөрлібек Мұратбаевтың еңбегі еш кетпеді. Ол Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері! Бар болғаны 56 жыл өмір сүріп, соңында өшпес із қалдырған аяулы жан көзі тірі болғанда алар асуы мен бағындырар белесі бұдан да биік болар еді.

Гүлжан Нұрланқызы.

 

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!