Нұрлан Нығматулин атап өткендей, жастар уақытша жұмысқа орналасқан кезде анықтамалардың санын азайту керек.
Халықты жұмыспен қамту және көші-қон заң жобасына сәйкес, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына қоғамдық жұмыстарды тек жаздыкүні ғана емес, сабақтан бос уақытта да атқаруға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бүгінге дейін студенттер тек демалыс уақытында ғана жұмыс істей алатынын атап өтті.
«Осы уақытқа дейін студенттер қоғамдық жұмыстарға тек жаз мезгілінде ғана кірісе алатын. Енді олар бұдан өзге уақытта да жұмысқа араласа алады. Ол үшін білім орнынан анықтама қағазы мен мекенжай анықтама қағазы және жеке төлқұжаты қажет», — деді Мадина Әбілқасымова.
Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісі спикері аталған анықтамалар тізімін қысқартуды ұсынды.
«Осы залда отырғандар, әсіресе аға буын өкілдері, студенттік шақтарынан бастап жұмыс істеген болар, біреу вагон жүгін түсіріп, тағысын тағы дегендей. Оқушы кезінде жұмыс істегендер де бар. Бірақ ол үшін анықтама жинап жүргеніміз есімде жоқ. Барып жұмыс істей беретінбіз. Осы әрекетімізбен балаларды кішкентайынан бюрократиялық анықтамаларға үйретіп жатқан жоқпыз ба? Әлде бұл керек пе?» — деді Нұрлан Нығматулин.
Министр ол үшін бар-жоғы үш анықтама қажет екенін айтты.
«Қазіргі балаларды жұмысқа тарту үшін, біраз күш-жігер қажет. Ал бұл анықтамаларды алу үшін, одан да басым күш қажет болады», — деді төменгі палата спикері.
Айта кетейік, «Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселесінің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге» байланысты заң жобасын мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлдады.
Дереккөз: bnews.kz