19

Ақтауда заңсыз ұйымдастырылған ойын бизнесі бойынша 61 іс қозғалды

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың аймақ тұрғындары алдындағы 2017 жылғы есебі тыңдалды.

Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

800-ге жуық адам қатысқан жиында Елбасының жолдауы мен бағдарламалық тапсырмаларының орындалуы және облыстың барлық сала бойынша даму көрсеткіштері баяндалды.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан call орталық арқылы 60, зал ішінен 30 және электронды пошта мен бейне сұрақ арқылы барлығы 160-қа жуық сауал келіп түсті. Олардың қатарында жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін бөлу, жер мен тұрғын үй кезегі, елді мекен арасындағы және ауыл ішіндегі жолдар және денсаулық салалары қамтылды.

Қала тұрғыны Қалыбай Аталықов облыстағы электр энергиясына қойылған тарифтердің басқа облыстарға қарағанда жоғары екендігін атай отырып, облыста тарифтерді түсіру бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын сұрады.

«Елбасымыздың осы жылдың 9 ақпанындағы тұрмыстық қызметтердің тарифтерін төмендету бойынша өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына байланысты біз энергия өндіруші, таратушы және қамтамасыз етуші мекемелермен бірлесе отырып, Ақтау қаласына жақын орналасқан елді мекендерде электр энергиясына қойылған тарифтерді төмендету бойынша анализ жасадық. Сондай-ақ, Елбасының 5 институционалдық реформасының 52 қадамын жүзеге асыру бойынша облыстық электр-жүйелік мекемелерін кеңейту мәселесі қарастырылуда. Бұл электр көзімен қуаттандыру жұмыстарының сенімділігін арттырып, аймақтағы электр энергиясын өткізуге кететін шығындарды азайтып, қолданушыларға арналған бағаны төмендетуге септігін тигізеді», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Кездесу барысында Ақтау қаласындағы №22 мектеп директорының орынбасары Тұрсын Хамитова жастар мәселесіне алаңдаушылық танытып, қаладағы букмейкерлік кеңселерге әкімдік тарапынан қолданылған шаралар туралы сұрады.

 «2017 жылдан бастап 2018 жылдың ақпанына дейінгі аралықта ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырған (арнайы тіркеусіз) жағдайларды анықтау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша әкімшілік сотқа 65 материал жіберілді. Осының негізінде 1 іс тоқтатылып, 4 іс сотта қаралуда және 61 іс бойынша жалпы сомасы 2 484 555 теңгеге айыппұл салынды. Аталған іс-шаралар алдағы уақытта да белсенді атқарылады», –деп жауап берді.

Ақтау қаласының тұрғыны Ешманов Киікбай Шетпе ауруханасындағы жаңа туған нәрестелерді жасанды демалдыратын аппараттың жоқтығы туралы мәселені көтеріп, жаңа туған нәрестенің өміріне төнер қауіп көп екендігін айтты.

«Маңғыстау ауданындағы жұмыс сапарымда бұл сұрақ маған ашық қойылды. Осы мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырма бердім. Бірінші жарты жылдықтың ішінде бұл сұрақ шешімін табады», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Дәрібаева Райхан есімді тұрғын Мұнайлы ауданындағы 5 елді мекеннің (Маңғыстау 1,2,3,4,5) атауы жоқтығын көтерді.

Қазақстан Республикасында көшелердің атын ауыстыру үшін бірнеше заң нормалары қарастырылған, соның ішінде 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-ХІІ «Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориалдық бөлінісі» заңы бар. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов осы заңның аясында халық пен Қоғамдық кеңес ұсынған атауларды қарастырып, онамастикалық комиссияға ұсынылатынын айтты.

Сондай-ақ, Фарид Сейітұлы атты тұрғын «12 шағын ауданда «Мұнайшы» стадионы бар. Оған 11,12,13 және 14 шағын ауданның балалары секцияларға қатысады. Енді қазіргі таңда осы стадион сатылып, орнына бизнес орталық салынады деген сыбыс шығып жатыр. Жаңадан салынып жатқан спорт кешендері жоқ емес, бар. Бірақ көпшілігі қаланың шетінде. Оған қатынау қиын болып кетеді. Сондықтан осы сыбыстың шын не жалған екенін білгім келеді», – деді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жергілікті спортшыларды қолдау шараларына басты назар аударылып жатқандығын айта келіп, стадионның сатылмайтындығын жеткізді.

Дереккөз: 24.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!