Тасын түртсең тарихтан сыр шертететін ежелгі Тараз тотыдай түрленбек. Жамбыл облысында биліктің тізгінін ұстаған Асқар Исабекұлы 11 аудан, қаласы бар аймақта іске кірісіп, қазір жұмысты жүйелеп жатыр. Киелі Әулиеата аймағындағы халық алдында алғаш рет есеп берген Мырзахметов кәсіпорындарды көбейтіп, жоспарланған карта аясында шаруаны ширатпақ. Бұған дейін көрші жатқан Қызылорданың әкімі Қырымбек Көшербаевтың және Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Жансейіт Түймебаевтың есептік жиынын көрсеткен «Айғақ» арнасының түсірілім тобы бұл жолы Жамбыл облысына барды.
Жамбыл облысының екі жағында қос бірдей мегаполис жатыр. Бірі Алматы, енді бірі Шымкент. Ақын Жамбыл Жабаевтың құрметіне есімін иеленген өңірде киелі жерлер мен кесенелер аз емес. Бірақ Айша бибі кесенесі аймақтың алтын кілті іспеттес. Ежелде Әулиеата атауымен атағы алысқа кеткен Жамбыл аймағы Оңтүстік облысымен ауылы аралас, қойы қоралас. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деген қазақ көршімен тату болып, онымен бар-жоғымен бөліскен. Біздерде сол мақсатты алға қойып Жамбыл облысына келдік. Өткен жылдағы жұмыстарды құлақпен тыңдап, көргенімізді жеткізу үшін. Еске сала кетейік 2018 жылдың 10-шы қаңтары күні Асқар Исабекұлы Жамбыл облысына әкім болып тағайындалды. Іске кіріскеніне көп болмаған Мырзахметов аудандардың ахуалымен танысып, бастамасымен халықтың көңіліне сенім ұялатып үлгерген.
Жамбылдың билігіне биыл келген Мырзахметов өткен жылдағы жұмыстарды есептік кездесуде сүзгіден сүзіп тұрып тарқатты. 2017-нің 365 күнінде атқарылған істер аз емес. Бірақ алдағы уақытта кәсіпорындарды қайта жаңғыртып, Жамбыл өлкесіне серпіліс керек. Бұл Мырзахметовтың алдына қойып отырған міндеті екен. Әрине бұған Оңтүстік Қазақстан облысын 7 жыл басқарып, Үкімет басшысының орынбасары әрі ауыл шаруашылығының министрі болған азаматтың тәжірибесі жетерлік. Асқар Исабекұлы байыппен жасаған баяндамасынан Жамбыл облысында алдағы уақытта әлеуметтік мәселелер жүйріктей жүйіткіп, жорғаламақ екенін байқадық. Көне шаһардың шырайын келтіру үшін құрылған жоспарды жариялағанда, тыңдап отырған тұрғындардың көңілі елең етті. Мінберде 30 минут сөйлеген Мырзахметов есептік кездесуде барын бар, жоғын жоқ деп ақ-қарасын ашып айтты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні өткен жылға өкпе жоқ, бірақ алда атқарылар шаруа қыруар деді. Бұл сөз Жамбыл облысының тұрғындарын қанаттандырды білем, қолдап ишара танытты. Бұған куә болған ҚР Қаржы министрі де сөз алып, қаржы саясатымен байланысты ақпараттарды ақтарды. Жиында Жамбылдық ағайын темірді қызған сәтте соқты. Қаржы министріне облысқа оң көзбен қарауды өтініп, қазынада қалған қаржыны өңірімізге жібер деп қалжыңмен қағытып қалды.
Ел езу тартқан есептік кездесуде тосыннан қойылған сұрақтар аз болмады. Тосыла қоймайтын Асқар Исабекұлы нақты, әрі тұщымды жауап беріп заң аясында шешілетін өтінішті қолдаймын деп қол астындағыларға тапсырма берді. Бұл күні жарыс сөзге таласа тұрып, кезекке тізілгендердің ешбірін сөзден қақпай, тұрғындарды сабырмен ұйып тыңдады. Байқағанымыз көпшілігі Мырзахметовтың аяқ алысына разы болып бір кездері Оңтүстікте атқарған тірлігіне қызыға, әрі қызғана қарапты.
«Жақсы көрші болсаң мақтар, жаман көрші болсаң даттар» деп дана халық текке айтпаған. Жарыс сөзге тізіліп тұрған тұрғындардың санында бұл күні шек болмады. Әрбірі орайлы сәтті пайдаланып, өз ойымен бөлісуге асықты. 30-ға жуық пікір айтылғанда, Асқар Мырзахметов микрафонға сөйлеген тұрғындардың ешбірін елеусіз қалдырмай, сұрақтарына қанағаттанарлық жауап айтып қуантты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген бір отырысында көрші облыстарында не болып жатқанын көруге ерінетін әкімдерді сынап тастаған болатын. Бірімен-бірі қарым-қатынас жасап, жаңалықтарымен бөлісіп тұру артық емес деді. Президенттің тапсырмасы аясында бұл жолы іргелес жатқан Жамбылдағы шаруалардан хабардар болып, жоспарларын тыңдадық. Жеті қазынаның бірі ит жылының қаңтарында киелі Әулиеата өңіріндегі билікке әкім болып барған Асқар Мырзахметовтың мақсаты ауылшаруашылық саласындағы тәжірибесін іске асырып, Елшіліктегі ептілігі мен министр қызметіндегі қабілетін пайдаланып қарқынды өзгеріс жасамақ. Қысқасы туған жері Оңтүстік облысымен атақонысы төскейлес жатқан Жамбыл өңірінің халқына қалтықсыз қызмет етуді көздеп отыр. Жиылған жұрт күмәнсіз сеніп, есептік кездесуге жақсы баға беріп тарқасты.
Бағлан БАЙКӨБЕКҚЫЗЫ