Биылғы жылы Алматы облысында жалпы құны 74 млрд. Теңге болатын екі ірі туристік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазТАГ тілшісі. Облыс әкімінің ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, өткен жылы Алматы облысына келген туристер саны 1,5 млн. адам болса, соның ішінде 750 мыңнан астам адам Алакөлдің үлесінде. Демалысына Жетісуды қолайлы көретіндердің саны биыл 2 миллионға жетеді деп межеленіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындармен болған есепті кездесуінде айтты.
Туризмде іргелі мақсаттарға қол жеткізу үшін биылғы жылы екі ірі жоба қолға алынған. Олар — Алакөл көлі жағалауында инвестиция көлемі 10 млрд. теңге болатын «Феникс» ЖШС-ның демалыс аймағы, сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында жобалық қуатына сай күніне 5 мың адамды қабылай алатын «Есік» тау шаңғы курорты, жобаның құны 64 млрд.теңге.
Айта кетсек, Алакөл көлі жағалауының инфрақұрылымын дамытуға жергілікті бюджеттен 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Теміржол қатынасы ұйымдастырылып, Үшарал қаласында әуежай салынды, темір жол вокзалының құрылысы басталды.
Дереккөз: ҚазТАГ
Фото: Luxbus.kz