Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 11 индустриялдық аймақтың 9-ы іске қосылған. Ал, іске асырылған жобалар саны 78-ге жетіп, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өзінің 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі облыс халқы алдындағы есебінде мәлімдеді.
Өнеркәсіп саласында 858,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жлымен салыстырғанда 69,5 млрд. теңгеге өскенін айтты. Ал өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда бірқатар салаларда артқан. Сонымен қатар, 2017 жылы индустриаландыру картасы аясында 36,4 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылған, деді өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы.
Облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуіндегі баяндамаға сәйкес, өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан ас іскерлік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде Ресей мен кіші Гидроэлектростанциясының құрылысы, Қытаймен — Биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін станцияның құрылысын жүргізу жөнінде келісім-шарт жасалды. Жалпы форумдар мен іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылы тартылған инвестиция көлемі 94,6 млрд. теңгені құраған.
Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту және шетелдік инвесторларды жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2017 жылдың маусым айынан бастап облыста «KAZAKН INVEST» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өңірлік өкілдігі ашылған.