ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын таныстырды, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, мультимодальдық көлік негізін қалыптастыру, халықтың жұмылғыштығын ұлғайту үшін үш айналма автожол (Оңтүстік, Шығыс, Солтүстік — 78 шақырым) және 118 шақырым Шымкент қаласының сыртқы Оңтүстік айналма жолының, Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы, сондай-ақ 720 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға жөндеу және реконструкциялау жұмыстары ұсынылған.
«Көлік және ауыстырып мінгізудің төрт торабын салу ұсынылады. Шымкент қаласының 43 шақырым айналма теміржол желісінің құрылысы, «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалының құрылысы, Арыс қаласының вокзалын қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. 2020 жылға дейін Шымкентте және Сарыағаш ауданында екі көлік-логистикалық орталығының құрылысын жүргізу, сондай-ақ Шымкенттің аэровокзал кешенін реконструкциялау ұсынылады. Аталған шаралар қызметтер сапасын жақсартуға, агломерацияның транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады», — деді министр.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жеке инвестицияларды тарта отырып теңгерімге жаңартылатын энергия көздерін тартуға, электрмен жабдықтаудың жаңа қуаттылықтарын енгізуге және қолданыстағыларын жаңғыртуға бағытталған.
«Инженерлік инфрақұрылымды дамыту 72 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауға мүмкіндік береді. Қалааралық және кентаралық газ желілерін салу 2030 жылға қарай елді мекендерді газбен қамтуды 46%-дан 94%-ға дейін арттыруға жол ашады. Инженерлік инфрақұрылымның қисынды дамуы инфрақұрылымда халық пен бизнестің сумен, газбен және энергиямен жабдықтауға деген қажеттілігін қамтамасыз етеді», — деді Жеңіс Қасымбек.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін 2020 жылға дейін балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 81%-дан 100%-ға дейін жеткізу, 18 үш ауысымдық мектеп пен 10 апатты мектепті жою ұсынылады.
«Стационарлық көмек ұйымдарының төсек-орын қоры 2020 жылға қарай 11%-ға және 2030 жылға қарай 28%-ға ұлғайтылады. Агломерацияның тұрғын үй қоры 2030 жылға қарай 30-дан 59 млн м2 дейін ұлғаяды және осы агломерациядағы халық санының өсуін есепке ала отырып, бір адамға 17-ден 26 шаршы метрге дейін ұлғайтылады», — деп хабарлады министр Жеңіс Қасымбек.
Агломерация аймағының экологиялық жай-күйін жақсарту үшін Шымкент қ. мен Сарыағаш ауданының аумағында әуе бассейнін қорғау жөніндегі іс-шараларды күшейту, кәріз жүйесін тазалау нысандарын (Шымкентте, Сарыағашта, Ақсукент, Т.Рысқұлов ауылдарында) жаңғырту, 2030 жылға дейін «тарихи» ластануды жою жөнінде шаралар кешені ұсынылды.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін енгізу халықты қалдықтарды жинау және тасып әкету қызметімен 100%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аумақты абаттандыру шаралары 2030 жылға қарай агломерацияның жасыл орманды алқаптарының жалпы аумағын 40%-ға дейін жеткізуге жол ашады», — деді Жеңіс Қасымбек.
Қорытындылай келе, инвестициялар және даму министрі жобалық ұсыныстарды іске асыру агломерация аумағын кешенді және өзара қисынды дамытуға, экономикалық өсім орталығын және қолайлы қала ортасын қалыптастыруға, халықтың жұмылғыштығын арттыруға, халықтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне тең деңгейде қол жеткізуін қамтамасыз етуге, аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Бұдан өзге, аталған мәселе бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндама жасады. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин түсініктеме беріп өтті.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасының жобасы қабылданды.