Ташкентте Елбасы Жолдауының өзбек тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жергілікті зиялы қауым өкілдері мен дипломаттарға құжаттағы 10 басымдық жан-жақты түсіндірілді. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан еліміздің жетістіктері баяндалды.
Қазіргі таңда, Қазақстан мен Өзбекстан машина жасау, химия, ауылшаруашылық саласында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырып келеді. Арнайы жол картасы да жасалған. Соның арқасында бауырлас елдер арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылса, алда 5 миллиардқа жеткізу жоспарда. Елбасы Жолдауын өз тілінде оқып шыққан өзбекстандық сарапшылар бағдарлама экономиканы қалыптастыруға тиімді реформалық құжат деді.
Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауына байланысты баяндама жасап, екі елдің ынтымағын сөз етті. «Бізде биылғы жылы үлкен серпіліс бар. Бірлесіп жұмыс атқарудың нәтижесінде машина жасау саласын дамыттық. Соның арқасында автомобиль өндірісі артты. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан мен Өзбекстанның тәжірибесі аталған саланы жетілдіруге сеп болды. Алдымызда транзит әлеуетін арттырудың маңызды міндеттері тұр» — деді.