Халқымыздың төл өнері саятшылық, құсбегілік, аңшылық ерте заманнан, ата-бабаларымыздан бізге мұра боп жеткені белгілі. Осы игі дәстүрді жалғастыру мақсатында Түлкібас ауданы, Елтай елді мекенінде «Салбурын – мереке ғой саятшыға» тақырыбында аңшылар арасында саятшылық өнерін насихаттауға арналған семинар өтті. Шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Түлкібас аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі. Басты мақсат Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады.
Ежелден-ақ, саятшылық — жыртқыш құстармен аңға шығу — патшалардың айналысатын сүйікті ісі саналған. Сонымен қатар бұл игі іспен айналысқан жастың бойында қыран құс пен құмай тазының еркіндігі, асқақтығы, бекзаттығы адам бойына беріледі деп сенген. Мұндай ілкі өнерді көздің қарашығындай сақтап, насихаттау- баршамыздың міндетіміз. Дәл осы мақстатта өткізіліп отқан шараға Түлкібас ауданының әкімі қатысып, өз ойымен бөлісті.
«Ақпан-дақпан» амалы өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, «түстен кейін мүйіз» деп те атайды. Яғни күннің көзі шуақталып, ашық күндері түс қайта жібіңкіреп тұратын жайын халық осылайша бейнелеген. Бүгінгі күн де дәл сол кейіпте болды.
Ел — ішіндегі жігіттерді аңшылыққа баулу кезінде ептілігін байқау мақсатында жаңа сойылған ірі-қараның терісін жерге жайып, қамшымен ұрғызып күшін сынаған. Сермеген қамшысы теріні осып қиып түссе, сол жігіттің аңшылық кезінде тосыннан кезіккен аңға төтеп береді деп сенген. Осы игі дәстүрлі сынақ жастар арасында бүгінде ұмыт бола бастаған. Шара барысында сол дәстүр қайта жаңғырды.
«Жүйрік ат, қыран бүркіт ер санаты» деп әнге қосып тыңдаушының ауызының суын құртқанымызбен, оны шын өмірде дәлелдеп, басқаға таныстыруда, ұлттық мәдениет байлығын саяхат абзалдығына айналдыра отырып, кіріс көзіне бейімдеп дамуға ілесуіміз қажет. Алдымызға қарай беріп, артқа көз салып ой қортып, керекке жарайтын заттық-рухани байлықты келесі ұрпаққа амант ету бізге парыз. Шара соңында Түлкібас ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері және осы мерекенің ел-ішінде насихаттауға үлес қосқан аңшылар мен саятшылар, құсбегілер іс-шараға атсалысқаны үшін марапатталды.
Жансая ЕЛЕМЕСОВА