Бүгін 14 ақпан, 2018 жылы Қызылоррда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың 2017 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы есепті кездесуі өтіп жатыр. Кездесуге ҚР Президент Әкімшілігінің өкілі Н.Тлешов,ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілі-С.Қизат,ҚР Ішкі істер министрі-Қ.Қасымов,«Нұр Отан» партиясының хатшысы- Ғ.Әбдірахымов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, 264 елді мекеннің өкілдері және саяси партиялар мен қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес, сондай-ақ, еңбек ұжымдары, БАҚ өкілдері мен «Айғақ» телеарнасының түсірілм тобы арнайы қатысты.
Қызылорда облысында 50-ден астам өндіріс іске қосылса, оның 16-сы – ірі кәсіпорын. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде облыс әкімі Қ.Көшербаев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы айқындап берген және 2013 жылдан бастап біз алдымызға қойған басты міндет – бұл экономиканы индустрияландыру арқылы әртараптандыру болып табылады. Өнеркәсіп өндірісінің шамамен 70%-ы мұнай мен уран өндірудің үлесінде екенін, бұл ретте, кейбір мұнай ұңғымаларынан шыққан шикізаттың қазірдің өзінде 98%-ы суланғанын ескерсек, біз үшін бұл – бірден-бір жол.»,- деді аймақ басшысы.
Облыс 2017 жылы бір ғана көрсеткіш бойынша, әсіресе, мұнай өндіруде оң векторға қол жеткізе алмауына себеп болған осы фактор — өнеркәсіп өндірісінің көлемі. Өңірдің даму қарқынын көрсететін барлық басқа макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізді.
«Соңғы бес жылда атқарған жұмыстар нәтижесінде мұнай мен уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика құра алдық деп толығымен айта аламыз.Осы бес жыл ішінде облысымызда 50-ден астам өнеркәсіп нысан іске қосылса, оның 16-сы — ірі және орта кәсіпорын. Нәтижесінде, өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға артса, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 пайызға артты»,- деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірдің жалпы соңғы бес жылдық көрсеткішіне тоқталған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстағы денсаулық саласында алдағы жылдары қарқынды жұмыстар жүргізілетіндігіне тоқталды. Атап айтқанда, алдағы екі жылда облыс басшысының айтуынша денсаулық сақау саласында 100 нысан ел игілігіне пайдалануға беріледі. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін мекемелерді медициналық жабдықтармен жарақтандыру 90%-ке дейін қамтамасыз ету жоспарланып отырғандығын жеткізді.
«2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы апатты нысандардың мәселесін шешу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде авариялық нысандар проблемасы шешіліп жатыр. 5 жылда салынған 57 нысанның 49-ы апатты объектілердің орнына бой көтеріп, жаңаланды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 150 орындық аудандық аурухана пайдалануға берілді. Биыл Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана ашылады. Келер жылы Шиелідегі аудандық аурухананың құрылысын тәмамдаймыз. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып бітіреміз»,-деп атап өтті аймақ басшысы.
2018 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Арал ауданының Беубауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады.
«Сондай-ақ, биыл Жалағаш кентіндегі апатты жағдайдағы 100 орындық аурухананың жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін құрылысын бастап кетуге күш саламыз. Денсаулық сақтау саласындағы тағы 24 жобаны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырамыз, яғни 15 дәрігерлік амбулатория, 3 емхананың жобалық құжаттарын дайындап, құрылысына кірісеміз. Медициналық қондырғы алу мақсатында 6 жобаны іске асырамыз», — деді облыс әкімі.
Сыр өңірінде бүгінде әлеуметтік-экономикалық жағдайы да өркендеп өсуде. Соңғы бес жылда өңірде кәсіпкерлікпен айналысатындардың үлесі 22 %-тен 26 %-ке ұлғайған. Шағын және орта бизнесті дамытудың, яғни «Кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» бағдарламасы аясында 32 млрд. теңге бөлінген.
Күріш өсірумен аты әлемге тараған Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда да бірқатар ілгерілеушілік бар. Мәселен соңғы бесжылдықта инвестицияның өсу қарқыны 23 есеге артқан. Ал өткен жылы ауылшаруашылығы өнімінің экспорты 37 %-ке өссе, оның ішінде күріш 39%-ке артып рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бақша өнімі 3,5 есеге, көкөніс өнімі 2 есеге және алық өнімі 9 есеге артқан.
Ресми мәліметтер бойынша, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы облыс әкімі Қ. Көшербаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты.
«Осы уақытқа дейін ресми мәліметтер бойынша, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңге инвестиция тартылған. Яғни, соңғы 5 жылда осы салаға құйылған инвестиция көлемі 23 есеге артты. Бұл біздің ауылшаруашылығы өнімін өндірушілеріміздің қаржылық мүмкіндіктерін, олардың дамығандығын көрсетеді. Нәтижесінде, бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне қол жеткізіп отырмыз. 2017 жылы — 4,1 пайызға артып отыр», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, аймақта егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асуда. Соңғы 3 жылда мал азығы және майлы дақылдар егістігі 6 мың гектарға ұлғайды. Ал, күрішшілер әдеттегі рекордты тағы да жаңартып, бұрын-соңды болмаған егін — 500 мың тоннадан астам күріш жинады. Нәтижесінде, жалпы күріш жинау осы жылдар аралығында 2 есеге артты.
«Байқоңыр» агрохолдингінің құрылуы аймақтағы күріш кластерін дамытуға ықпал етті. Айта кету керек, Ы.Жахаев атындағы ғылыми-зерттеу институты және Бүкілресейлік күріш институты бірлесіп Қызылорда облысы үшін арнайы күріш сұрыптарын шығаруда.
Әлеуметтік көрсеткіштен де кенже тартпаған Сыр өңірінде бүгінде жұмыссыздық деңгейі 2013 жылмен салыстырғанда 0,4% төмендеген. Яғни соңғы бес жылда 60 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
БИЫЛ СЫРДАРИЯНЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МӨЛТЕК АУДАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Жыл соңына дейін Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы мөлтек аудан ашылады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.
«Қазіргі кезде мұнда 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің кампусы мен жастар ресурстық орталығының құрылысы жүріп жатыр, неке қию сарайы салынады. Ең бастысы, 2017 жылы алғашқы 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Сол жағалаудағы бірінші мөлтек ауданды биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз»,- деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қазір жаңа қалада Рухани жаңғыру орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 1925 жылы ұлтымызға қазақ атауы берілген тарихи шешім қабылданған Қазақ атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде бой көтереді.
Көрші облыстың тыныс — тіршілігі туралы ақпараттың толық нұсқасын «Айғақ» телеарнасының «Жаңалықтар» бағдарламасынан көре аласыздар.