Бүгін Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс он алтыншы конференциясы өтіп, аталған жиында Әділбек Жақсыбеков федерацияның жаңа президенті болып сайланды. Ал экс президент Сейілда Байшақов отставкаға кетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Конференция барысында Байшақов «Қазақстан футболының еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе және барлықтарыңызға сенім артқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Алайда 10 қаңтар күні отставкаға кету туралы шешім қабылдаған болатынмын. Менің өтінішімді қабылдап, кезектен тыс конференция өткізіп жатқан атқарушы комитетке де алғыс айтамын», — дейді Байшақов.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының мүшелері – футбол клубтарының өкілдері, сонымен қатар, аймақтық футбол федерацияларының өкілдері Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ футболының ардагерлері мен белгілі сарапшылар Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасына қолдау білдірді. Онда оның әртүрлі мемлекеттік қызметтегі табысты еңбегі мен еліміздің ең басты футбол органын басқару тәжірибесі туралы айтылды.
Конференция делегаттары Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Әділбек Жақсыбеков төрт жылға Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.