ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерге қазақстандықтарға цифрландыруды «білімді ғана емес, шопан да түсіне алатындай» тәптіштеп түсіндіруді тапсырды.
«Мен шопан түсінбейді деп отырған жоқпын, білімді адам да цифрландырудың не екенін түсінбейді. Сен соның бәрін саусақпан санап түсіндіріп беруің керек, ол дегеніміз не, қайдан пайда болды деген сияқты (…)», — деді жұма күні үкіметтегі кеңейтілген отырыста ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы ,сондай-ақ, министрліктер жанында цифрландыру мәселесіне вице-министрлердің бірінің жетекшілік етуін ұсынды. Сонымен қатар, ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа ресми БАҚ-тарды тартуды, ал ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке технологиялар жөніндегі мамандар дайындауды күшейтуді тапсырды.
«Дәурен Абаев, теледидарда, орталық және облыстық газеттерде цифрландыру бойынша арнайы айдарларды ашу қажет. Цифрландырудың нәтижесі қандай? Не істедік? Қандай жобаны іске асырдық? Жалпы, цифрландыру дегеніміз не? Былайша айтқанда, бізге жаппай оқыту шараларын қолға алу қажет», — деді ҚР президенті.
«Мектептен бастау керек, Ерлан (Сағадиев — КазТАГ). Болашақта олардың барлығы осы салада жұмыс істейді. 2030 жылы болатын экономикада мүлдем басқа балалар болады. Бізді ылғи сынайды. Білім саласында реформалар көп дейді. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Болашақтың балалары бәрін жаттап алуға емес, өздігімен ойлап, шешім қабылдауға үйренуі керек», — деп түйді Н. Назарбаев.