Астанадағы саябақ, шағын бақтар және қоғамдық орындарды ластап, соның ішінде тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастамаған азаматтарды 20 АЕК, яғни 48100 теңге көлеміндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартып, тіпті 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылады.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Айнұр Дәулетбаева айтты.
Бөлім басшысының айтуынша, әкімшілік құқықбұзушылыққа жүргізілген талдау бойынша құқықбұзушылықтың 80 пайызы темекі қалдықтарын, шекілдеуік қабықтарын, тұрмыстық қалдықтарды тастау сияқты қоғамдық орындарды ластау болып отыр.
Осыған орай, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бірқатар ережені ұсынып, ескертеді. Атап айтқанда, кәсіпорын иелеріне тұрғын емес, жапсарлай салынған үй жайлардың, соның ішінде сауда орындары, базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының кіреберісіне қоқыс салуға арналған жәшіктер қою мәселесін шешуді ұсынады. Бұл тұрғыда тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша ұйымдары, тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдар, үй-жайлар меншіктері кооперативтері тұрғын үйлердің кіреберісіне, аялдамаларға міндетті түрде қоқыс салуға арналған жәшіктер қоюлары қажет. Сонымен қатар бұған жауапты мекеме қоқыс жәшіктерін уақытылы тазартып отыруға міндетті.
«Қала көркі мен санитарлық жағдайы – әрдайым маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай саябақ, шағын бақтар және қоғамдық орындарды ластап, соның ішінде тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін тәртіп сақтамаған азаматтарды 20 АЕК, яғни 48100 теңге көлеміндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартып, тіпті 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасының қолданылатыны туралы ескерткіміз келеді», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы.
Дереккөз: 24.kz