Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтарда жарияланған Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының үшінші міндетін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.»
Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.
Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік.
Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз.
Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.
Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды.
Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс.
Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет.
Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек.
Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс.
Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі.
Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.
Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.
Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.
Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет.
Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек.
Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет.
5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.
(Фото: ult.kz)