Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінде «Ештай Ақжан Жайлауханұлы атындағы сот мәжілісі және медиация оқу залы» ашылды. Маңызды шараға Алматы қаласының судьялары, Қарағанды мемлекеттік университетінде бірге оқыған курстастары, туған-туыстары, осы факультет оқытушылары мен студенттері арнайы қатысты.
Еске алу шарасына арнайы Шымкенттен барған Ақжан Ештайдың тай-құлындай тебісіп өскен бауыры Серік Ештай да арнайы барып шара барысында бауыры туралы есетілктер айтып жиналған көпшіліктің көздеріне жас үйірді.
Сот жүйесіндегі басты тұлға — судья болып қызмет атқарған Ақжан Ештайдың дүниеден өткеніне тоғыз ай. 2017 жылдың 14-мамыры күні жүрегі тоқтаған Ақжан Жайлауханұлы Қазақстан бойынша сот жүйесінде еңбек өтілі ең көп судья болатын.
Табиғатынан тазалыққа толы, бүйрегі тек шындық пен әділдікке бұратын азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Екпінді ауылында дүниеге келген. 25 жасынан бастап судья болып еңбек еткен Ақжан Ештай Қарағанды мемлекеттік университетінен жоғарғы білім алып, Торғай облысында еңбек жолын бастаған. Әр жылдары Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысының сот саласында аянбай тер төкті. 2013 жылы Алматы қалалық сотының төрағасы лауазымына тағайындалып, осы қызметті өмірінің соңына дейін аброймен атқарды. Қариялар айтпақшы «есік пен төрдей» өмірінде төрелікті жүзеге асырып, мінсіз қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған. Айналымға келмейтін өмір Ақжан Ештайды 56 жасында морттай үзіп, отбасының аспаны күркіреген қою түнге айналды.
Шығыстың данасы Сайф Сарайи «Артында жақсы аты қалған адам өлмейді» деген сөзі текке айтылмаса керек. Бүгінде әріптестері мен достарының арқасында еліміздің жетекші оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Ештай Ақжан Жайлауханұлы атындағы сот мәжілісі және медиация оқу залы» ашылды. Бұл игі шараны насихаттау мақсатында «Айғақ» арнасының түсірілім тобы Алматы қаласына арнайы барды. Игі шараның қалай өткендігі туралы толығырақ ертең «Айғақ» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасында көре аласыздар.
Фото авторы: Марат Жүнісбеков.