Шымкентте Каратэ – до спортынан жасөспірімдер мен кадеттер арасында ОҚО-ның ашық біріншілігі басталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен №2 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырып отырған жарысқа жалпы саны 370 спортшы қатысып бақ сынауда. Яғни өңіріміздің бірнеше аудан-қалаларынан жиналған спортшылар тартысты кездесулер өткізіп турнирде жеңіс тұғырынан көрінуге талпынады.
Ал мұндай дәрежедегі жарыстың Шымкентте өткізілуі осы бір спорт түрінің қарқынды дамуының көрінісі. Айталық өңіріміздің бірқатар аудан-қалаларынан іріктеліп келген жас өрендер арасында да бұған дейін облыстық Республикалық турнирлерде топ жарып жүрген спортшылар бар. Осы орайда жарыс ұйымдастырушылары әрбір ауданның намысын арқалап келген жастарға сәттілік тілеп салтанатты түрде облыстық ашық біріншілікті ашып берді.
Каратэ (жапон тілінен аударғанда қарусыз қолмен қорғанудың түрі мағынасын білдіреді) яғни, қол және аяқпен қарсылас денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруге негізделген спорттық жекпе-жектің түрі. Сондықтан бұл адамның шапшаңдығы мен шыдамдылығын, ептілігі және дер кезінде әдіс тәсіл жасай білуін шыңдап қана қоймай, спортшының бойындағы рух мықтылығы сыналатын спорттың түрі. Осы орайда 370-ке тарта сайдың тасындай іріктеліп келген жасөспірімдер арасындағы облыстың ашық біріншілігі аса тартысты басталды. Боз кілем үстінде намысты қолдан бермеуге тырысып барларын салған жас каратэ-до шеберлері жиналған жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болды.
Бұл күнгі кездесулерге жоғары дәрежелі білікті төрешілер төрелік жасаса, жарыстың алғашқы күнінен-ақ жасөспірімдер арасындағы алғашқы чемпиондар анықтала бастады. Мәселен 10-12 жас аралығындағы спортшылар арасында Шымкенттік Айым Наушабек барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп біріншілік жеңімпазы атанды.
Сонымен ашық біріншілік қорытындысы бойынша жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттар мен сый сияпаттарға ие болатын болады.
Абай ОМАР