Сот жүйесіндегі басты тұлға — судья болып қызмет атқарған Ақжан Ештайдың дүниеден өткеніне тоғыз ай. 2017 жылдың 14-мамыры күні жүрегі тоқтаған Ақжан Жайлауханұлы Қазақстан бойынша сот жүйесінде еңбек өтілі ең көп судья болатын.
Табиғатынан тазалыққа толы, бүйрегі тек шындық пен әділдікке бұратын азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Екпінді ауылында дүниеге келген. 25 жасынан бастап судья болып еңбек еткен Ақжан Ештай Қарағанды мемлекеттік университетінен жоғарғы білім алып, Торғай облысында еңбек жолын бастаған. Әр жылдары Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысының сот саласында аянбай тер төкті. 2013 жылы Алматы қалалық сотының төрағасы лауазымына тағайындалып, осы қызметті өмірінің соңына дейін аброймен атқарды. Қариялар айтпақшы «есік пен төрдей» өмірінде төрелікті жүзеге асырып, мінсіз қызметі үшін бірнеше марапатқа ие болған. Айналымға келмейтін өмір Ақжан Ештайды 56 жасында морттай үзіп, отбасының аспаны күркіреген қою түнге айналды.
Кемедегі жолаушыдай артында улап-шулап қалған туған-туыстары мен дос-жарандары 5-ақпан күні жаңалықтың куәсі болмақ. Яғни, Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ештай Ақжан Жайлауханұлы атындағы сот мәжілісі және медиация оқу залы» ашылады деп күтілуде. Бұл игі шараны насихаттау мақсатында «Айғақ» арнасының түсірілім тобы Алматы қаласына арнайы барып, жаңалықтардан толығырақ ақпарат беруді жоспарлап отыр.