Алматы қаласында «Жаһандану дәуірінің цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форум өтеді. Оған Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінің үкімет басшылары және Әзербайжан мен Тәжікстанның ресми делегациялары қатысады.
Басқосу аясында мемлекеттердің цифрлық экономикасын дамытуға бағытталған шаралар тізімін әзірлеу көзделген. Бұл форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
Естеріңізге салайық, былтыр елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітілді. Ол инновациялық экожүйе құру, адам капиталын дамыту, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу және цифрлық жібек жолын іске асыруға бағытталған. Ол жүзеге асқанда өнеркәсіпте өнімнің өзіндік құны төмендеп, өндіріс көлемі ұлғаюы тиіс. Сондай-ақ электронды коммерция саласында 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Алдын ала болжам бойынша тек кеден және салық қызметтерін цифрландыру нәтижесінде мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының арқасында ел экономикасы 30 пайызға артуы тиіс.
Дереккөз: 24.kz