Көркем гимнастикадан жастар арасында чемпионат басталды. Аталған жарысқа еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 300-ден аса спортшылар қатысуда. 30 қаңтар күні бастау алған ел чемпионаты 20 ақпан күніне дейін Астана даңғылы бойындағы «Көркем гимнастика спорт кешенінде» өтеді.
Бүгінгі таңда, облыста көркем гимнастика спортын дамыту мақсатында 2 облыстық және 1 қалалық спорт мектептері жұмыс жасайды. Аталған спорт мектептерінде 528 тәрбиеленушілге 37 жаттақтырушы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізеді. Бүгінде ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген көркем гимнастика шеберлері жетерлік. Атап айтатын болсақ, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Сабина Аширбаева, Амина Рустемова, Даяна Абдирбекова, Роза Абитова және Алина Адилхановалар байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Аталған спортшылардың барлығы да спорттық дәрежесін осындай ел чемпионаттарынан бастаған.
Дәстүрлі түрде өтетін сайыс қатысушыларының барлығы да өз өңірлерінде үздік шыққан көркем гимнастика спортының хас шеберлері. Спортшылар алда өтетін 3 күндік турнирға сақадай сай.
Спортшылардың деңгейін анықтау мақсатында өткізіліп жатқан жарыста облыстық, қалалық командалар құрылып, 2018 жылы көркем гимнастикадан әлем чемпионаттарына қатысатын шеберлер анықталатын болады. Алдағы өтілетін жарыста қыздарға тек сәттілік тілейміз.
Жансая Елемесова