Қазақстандық студенттердің отандық және шетелдік оқу орындарынан қос диплом алу мүмкіндігі бар.
Алматыда қытайлық университеттермен осындай келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Еуропаның ЖОО-мен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде халықаралық білім көрмесінде айтылды.
Оған алыс және жақын шетелдерден 100-ге жуық жоғарғы оқу орны қатысты. «Қос диплом» бағдарламасы – білім жүйесіндегі жаңа сала. Мысалы отандық білім шаңырағына оқуға түскен студент ағылшын тілі үйретілетін бағдарламамен оқытылады. Оның тапсырмалары мен жұмыстарын отандық және шетелдік университеттер тексереді. Егер жастар екі университеттің талабына толық сай деп танылса, қос диплом алады.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
— Қазір Қазақстанда Орталық Азиялық білім орталығын құру жұмыстары жүріп жатыр. Сол мақсатта еліміздегі жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрететін бағдарламалары жетілдіріліп келеді. Соңғы 5 жылда елдімізге 8 мың шетелдік маман келсе, Қазақстаның университеттерінде 14 мың өзге елдің студенттері білім алып жатыр.
Дереккөз: 24.kz