Шымкент қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Дамуында ауытқуы бар балаларды емдеумен айналысатын өңіріміздегі алғашқы мекеменің жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев орталықтың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
— Балалардың өмірін жақсартып, лайықты болашаққа қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін білікті мамандардың дер кезіндегі көмегі ауадай қажет. Сондықтан ерекше оқытуды қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына тиісті жәрдем көрсететін осындай орталық ашылып отыр. Енді бүлдіршіндеріміз білікті мамандардың демеуімен қатардан қалмай тиісті деңгейде білім ала алады, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталық «Дара» қайырымдылық қоры, облыстық білім басқармасы, «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған еліміздегі сегізінші кабинет. Онда дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог сынды мамандар тегін қызмет көрсетеді. Түзету кабинеті жылына 150 балаға дейін қабылдай алады.
Өңір басшысы «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаеваға осы орталықтың құрылуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Г.Досаева мұндай орталықта дәріс алып, ем қабылдаған науқас балғындарда қатарға тез қосылып кететуіне мол мүмкіндік болатынын айтты.
Айта кетейік, Шымкент қаласында ерекше білім беруді қажет ететін тоғыз мыңнан астам жеткіншек бар. Оның ішінде төрт мыңнан астам баланың мүмкіндігі шектеулі болса, 672 бала мектепке дейінгі дамуында ауытқуы бар балғындар санатына жатады. Енді олар жаңа орталықтан толық көмек алуға мүмкіндік бар.