ОҚО Әділет департаменті бастығының орынбасары Нұрымбетова Салтанат Мұсабекқызы 2018 жылы 17 қаңтарда облыс әкімдігінің ғимаратында Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Есеп кезінде сот орындаушыларының қандай жұмыстарды атқарғаны бойынша брифинг өткізу барысында Нұрымбетова Салтанаттың хабарламасын назарларыңызға ұсынамыз.
2017 жылы облыстағы жеке сот орындаушылардың қатары 29-ға көбейіп, 225-ке жетті. Есепті мерзімде өткізілген 5 аттестаттау нәтижесінде, оған жіберілген 135 үміткердің 62-сі комиссияның оң шешіміне ие болса, 57-сі аттестаттаудан сүрінген. Ал 16-сы комиссия отырысына келмеген. Құжаттарын тапсырған 7 тұлғаның біліктілігі талапқа сай келмей, аттестаттауға жіберілмепті. Белгіленген тәртіп бойынша жеке сот орындаушысы қызметімен айналысқысы келетін азаматтар 3 айдан 1 жылға дейін мерзімде тағылымдамадан өтуі тиіс. Тағылымдаманың әрбір айы үшін 10 АЕК ( 24 050 теңге ) төленуге жатады. Аттестаттаудан ойдағыдай өткен үміткер ҚР Әділет министрлігінен лицензия алып, қызметке кірісу үшін жеке сот орындаушыларының кәсіби ұйымы – Республикалық палатаның мүшелігіне енеді. Әділет департаментімен сот орындаушыларының қызметіне бақылау жүргізіліп, 2017 жылы қаралған өтініштердің 166-сы негізделген деп танылған. Оның ішінде ЖСО-ларға қатысты — 131, МСО-ларға қатысты -35. Департаменттің ұсыныстарына сәйкес 119 ЖСО-ға тәртіптік өндірістер қозғалды. Бұдан бөлек ЖСО-Лардың лицензияларының қолданысын тоқтата тұру туралы 13 ұсыныс ҚР Әділет министрлігіне енгізілген. Оған қоса 4 ЖСО-лардың құзіреттілігі тоқтатылған. Олардың үшеуі қылмыстық істердің ақталмайтын негіздерімен қысқартылса, 1 ЖСО-сына қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы соттың үкімі шыққан.
Жомарт БЕГІМБЕТ