Ресейдің Ярославль облысында Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұловаға ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлады РФ-дағы ҚР елшілігінің сайтынан.
«Ярославль облысы Вятское ауылында жергілікті мектеп ғимаратында қазақ халқының қайсар қызы, мергені Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіш тақта орнатылды», — делінген сейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, ол 1942 жылы қоршауға алынған Ленинградтағы балалар үйінен Вятское ауылына көшірілген, сол жерде 7 ай тұрып, жергілікті мектепте оқыған.
«Ескерткіш тақта орнату салтанатына жергілікті меморган, ардагерлер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңірдегі қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті мектеп оқушылары қатысты», — делінген хабарда.
Сондай-ақ, ескерткіш тақта орнату шарасы кезінде мәскеулік тарихшы Дарья Тимошенконың «Әлияның соңғы ұрысы» («Последний бой Алии») кітабының тұсаукесері болды.
Сонымен қатар сол күні Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова ат.мемориалды мұражай бейнебайланысқа шықты.
Вятское орта мектебінде 7 класты аяқтағаннан кейін Ә.Молдағұлова Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі, алайда үш айдан кейін фронтқа кетуге өтініш жазады. Орталық әйелдер мергендік мектебін бітірген ол 1943 жылы 18 жасар Әлия 54-ші атқыштар бригадасының 4-ші батальонының (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауындағы фронт) мергені болады. 1944 жылдың қаңтарында Псков облысы Казачиха ауылындағы ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Оған өлгеннен кейін Кеңес одағының батыры атағы берілген.