Оның бірі Түпқараған, енді бірі Мұнайлы ауданында салынып жатыр. Үшіншісінің құрылысы алдағы көктемде Шетпе елді мекенінде басталуы тиіс. Бұл жобалар өңірдегі электр энергиясын 5 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, қуат өндіру кезінде ауаға таралатын көмірқышқыл газын барынша азайтуға ықпал етпек.
Каспий мен Арал теңізінің ортасында жатқа Маңғыстау түбегінде жел қуатының қоры мол. Мұнда бір жылдың 200 күнінде жел соғып тұрады. Жазы аптап ыстық, ал қысы жылы аймақта күннің радиациясы да жоғары. Осы табиғат берген қуат көздерін пайдалану үшін облыс басшылары биыл бірқатар жобаны қолға алды.
Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының маңында күннен қуат алатын станция салынып жатыр. Бұл еліміздегі ең алғашқы отандық электр станциясы болмақ. Құрылысқа тұңғыш рет елімізде өндірілген күн панельдері қолданылуда. Қуаты – 7 МВт. Жобаның алғашқы кезеңі алдағы наурыз айында іске қосылады. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүріп жатыр. 40 қатарға 10 мың құрылғы орнатылады.
Алтынбек Әділов, жоба жетекшісі:
— Егер «Жасыл энергиямен жарақтанған отандық құрылғылар» жемісін беріп, жоба сәтті шықса, өзге облыстарда да жүзеге асырамыз. Елімізде мұндай станцияларды көптеп салсақ, мұнай, газ бен көмірге деген тәуелділіктен арыламыз, қуат өндірісіне кететін шығынды азайтамыз. Экологиялық қауіп-қатердің алдын алу үшін де баламалы энергияны дамытудың маңызы зор.
Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында басталған жел электр станциясының құрылысы да көктемде аяқталмақ. Қазір Еуропадан жеткізілген құрылғылар құрастырылып жатыр. Станция іске қосылған соң 20 шақты ауыл тұрғыны жұмысқа қабылданады. Қазір олар білімін жетілдіріп, арнайы дайындықтан өтуде.
Сапар Аманбеков, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
— Біз күн сәулесінен алатын 12 МВт электр қуатын беретін үлкен станцияны қазір жобалап отырмыз. Аманшылық болса, биыл бастау керек. Ол Маңғыстау ауданының Шетпе елді мекенінде қойылады. 12 МВт аз емес, жалпы бір аудан орталығын жабуға да болады. Шетпе елді мекенінің қазіргі таңда жетпей жатқан электр қуатының күшін жоюға мүмкіндік береді.
Барлық станция инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Елбасы Қазақстан халқына жолдауында «2050 жылға қарай энергияның кем дегенде жартысын жаңартылған қуат көздерінен алуымыз керек» деп атап көрсеткені белгілі. Осы межеге жету үшін облыс басшылары арзан әрі адамзатқа зиянсыз және түгесілмейтін баламалы қуат көздерін дамытуға ниетті. Қазір алдағы жылдарға арналған жоспар жасақталып жатыр.
Дереккөз: 24.kz